Бекзада кәсіп иесі – құсбегі Бауыржан Ешметов

30 Қараша 2024, 07:40
702
Бөлісу:
Бекзада кәсіп иесі – құсбегі Бауыржан Ешметов
Фото: архив

 

Үш мың жылдық тарихы бар өнерді өрге сүйреп жүргендердің бірі – Бауыржан Ешметов. Бекзат өнерді дамытып жүрген құсбегіні Жамбыл облысы тіптен елдік түкпір-түкпірінен көпшілік таниды. Ол атадан балаға мирас болған ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген бірегей жанның өмір жолымен BAQ.KZ тілшісі жүздесті.

Көшпелі халықтардың табиғатпен етене байланыста болуы шарт. Ал біздің халық – табиғаттың төл баласы. Жасында оның әрбір ой-шұңқырын кезіп, есейгенде шыңына ұмтылатыны да содан. Сол биік құз-шыңдарда құс біткеннің төрелері жайғасады. Ал көшпелі елдің ержүрек ұландары сол құстарды балапан шағынан ұстап, асырап, қолға үйретеді. Оларды құсбегі деп атайды. Бүгінде ел аумақтарында құсбегілер жарысы өтіп жатыр дегенді естіп жатамыз. Ол байқауға барып, додаға түсетіндер бұрыннан осы өнерді дамытып жүрген аз ғана жанашырлар мен олардың ұрпақтары. 

 

Үш мың жылдық тарихы бар өнерді өрге сүйреп жүргендердің бірі – Бауыржан Ешметов. Бекзат өнерді дамытып жүрген құсбегіні Жамбыл облысы тіптен елдік түкпір-түкпірінен көпшілік таниды. Ол атадан балаға мирас болған ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген бірегей жан. Негізгі кәсібі – жүргізушілік. Ұзақ жылдарын темір тұлпардың рулінде өткізген. Бұрынғы «Крупская» деп аталған ұжымшардың белді жүргізушілерінің бірі болған. Ал құсбегілік өнер – ата кәсібі. Атасы – Тұрғанбай, өз әкесі – Ешмет те ит жүгіртіп, құс салған, құралайды көзге атқан мергендер болыпты. Тіпті нағашы атасы Әзімбет те, оның бауырлары Бегімбет, Нарымбет, Күнімбай да құсбегілік өнерден алыс болмаған. Бауыржан Ешметов төрт перзенттің ішіндегі жалғыз ұл болған. Әкесі оны 43 жасында cүйген перзенті екен. Сондықтан Ешмет қария мұны құсбегілік өнерге оқушы кезінен баулыған. Яғни, көз қуанышы – жалғыз ұлының елден жырақ кетіп қалмай, ауылда болғанын қалапты. Баласына алтыншы сыныптан бастап құсбегілік өнерді жанын салып үйреткені де сондай мақсаттан туған.Бүгінде сол бала талай облыстық, республикалық құсбегілер байқауына қатысып, топ жарып жүрген мықты құсбегі, ауылға сыйлы ардагер.  Сексеннен асқан қарияның бүгінде кеудесі төсбелгі мен үйі алғыс пен құрмет қағаздарына толған. Ақсақал олардың әрқайсысы мен үшін ыстық, әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан келген марапат ерекше дейді. 

Бекзада кәсіп иесі – құсбегі Бауыржан Ешметов

Менің әкем құсбегі болған. Мені бұл бағытқа бесінші-алтыншы сыныптап бастап осы іске баулыды. Бастапқыда тордан құс ұстап көріп, қызығушылықпен басталған кәсіп бүгінде мені елге сыйлы етті, атақ-даңққа бөледі. Бір жағынан, бұл заңды да. Мен ата-баба дәстүрін жалғап келемін. Сол сара жолды үзбей бүгінде ұлдарымды, немерелерімді де осы іске үйретіп келемін. Біздің үйден құс үзілген емес. Осының арқасында Қазақстанның барлық өңірінде болдым, жарысқа бардым, қатыстым. Тіптен Англияға барып, біздің бекзат өнерді көрсетіп, көпшілікті тәнті еттім. Осының арқасында ауыл әкімінен бастап, түрлі марапаттарды алдым. Мемлекет басшысының да маған көрсеткен ілтипат қағазы бар. Ол мен үшін қымбат, әрине. Бұлардың барлығы маған жәй ғана қағаз емес, кейінгі ұрпаққа, отбасыма берер үлкен тәрбиенің негізі деп білемін. Бұлай бағалап, құсбегілікті қолдап жатқан мемлекетке айтар алғысым шексіз. Дегенмен де, біздің елде арнайы бір бағдарлама немесе тұтас кешенді жұмыс жүргізілмесе, құсбегілік, құс баптау кенелеп барады, – дейді құсбегі. 

Сексеннен асқан қария қартайдым деп қарап жатқан жоқ, қызыл көрсе қыраны да көкте қалықтап, жердегі жемтігін демде қағып алады. Мұндай қырағылық құсбегінің құсты ерекше баптауында болса керек. Екінің бірі ауласында бүркіт ұстап, бақпасы мәлім. Сондықтан да болар бұл іспен адамның ең төзімдісі айналысады. 65 жыл қолынан қыран түспеген Бауыржан Ешметовтың ендігі арманы ұлттық құндылығымызды жастарда қызықса деген пікірін айтты. Өйткені, Жамбыл облысының өзінде бүркіт баптап, байқауға аратын жандар саусақпен санарлық. Айта кетейік, осыдан 4-5 жыл бұрын Жамбыл ауданы әкімдігінің қолдауымен Өрнек ауылында «Құсбегілер мектебі» ашылған-ды. Сол сәтте тіптен ауыл балаларына дейін таңсық өнерді олға алып, ұлттық спортпен айналатын балалар саны артқан. Алайда тәп-тәуір басталған бастама аяқсыз қалды. Осы жоба қайта қолға алынса деген ойын да жасырмады. Оның себебін, құсбегілікті  нағыз адамды шыңдайтын спортпен байланыстырды. Өзінің әлі күнге дейінгі тың көрінуінің құпиясын осы құсбегілікпен байланыстырады. 

Сол сәтте, яғни мектеп ашылған тұста он бес-он алты балаға спорт шебері атағын алуға үлес қостым. Ауылішілік болсын, аймақтық болсын түрлі жарыстар ұйымдастырылып, келушілердің қызығушылығын оятуға атсалысатынбыз. Алды жарыстарға барып, жүлдені қанжығалап келді. Алайда қазір құсқа құмар адам  азайып барады. Тіпті жоқтың қасы. Себебі бұл өте жауапкершілікті жұмыс. Мәселен, Жамбыл ауданында жалғыз мен ғана қалдым. Ал облыс бойынша Меркіде бір кісі бар, басқа ауданда мүлдем жоқ. Ал Алматы жақта өте көп құсбегілер. Біз де осы кемшіліктің орнын толтырып, осы істі дамытуды қолға алмасақ, кейінгі ұрпақ бүркіттің, құсбегіліктің не екенін білмей өсе ме деп алаңдаймын.  

Бекзада кәсіп иесі – құсбегі Бауыржан Ешметов

 Бүркітшінің  төрт ұлы бар. Бүгінде  Нұржан, Ержан, Сержан, Мейіржан – барлығы да тазы жүгіртіп, құс салады. Ержан құсбегіліктен Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі. Сара жолды немерелері Тұрнияз, Шернияз да жалғап, құсбегілік өнерге бейімделіп өсіп келеді. Барлығы құсбегіліктен ел чемпиондары. Құсбегі  Бауыржан Ешметовтің «Үкіліқара», «Ботақара» деген бүркіттері, «Сары жебе», «Тұнжыр» деген қаршығасы үнемі республикалық құсбегілер байқауында жүлделі орындардан көрініп жүр. Ақсақал өз әңгімесінде бүркітті баптау, додаға дайындау құпиясымен де бөлісті.   

Бекзада кәсіп иесі – құсбегі Бауыржан Ешметов

Құсбегіліктің ең бірінші қасиеті денсаулыққа жақсы. Қолға ұстау, оны бағу, қағу –  үлкен қозғалыс. Әрі таза ауада айналысатын іс. Былайша айтқанда, бұл спорттың бір түрі ғой. Ал біздің мақсатымыз осы бір әдемі іс ұмытылмаса дейміс. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасса деген ниеттеміз. Бүркіттер 100 жасайды деген ұғым бар. Өзім бір бүркітті 10-15 жыл бағып, қайта жіберіп,  басқасын аламын. Ұрпақ өсірсін деп, тауға қайта жібереміз. Ал жаңасын таудан ұстаймыз торменен. Ұядан аламыз. Әбден машықталғанбыз ғой, әр ұясына дейін жатқа білемін. Бір бүркіт үш-төрт ұя салады. Әр жылдың маусым айының аяғында ұялайды. Сол кезде бізде дайын тұрып, жаңа құс әкеліп, оны баптаймыз. Бірақ жас құстың бабын жасау оңай емес.  Таза ет жейді. Бірақ, бабын келістіріп, оларды аңға салған сайын шеберлігі артып, шыңдала береді. Құсбегінің арнайы шапаны, етігін тігу де маңызды болып табылады, - деп сыр бөлісті сұңғыла қария.

Бекзада кәсіп иесі – құсбегі Бауыржан Ешметов

Құсбегілік – қазақ салт-дәстүрінің ажырамас бір бөлігі. Ол тек біздің ұлтқа тән барлық асыл қасиеттердің көрінісі. Жер бетінде қазақ деген ұлт бар кезде бұл өнердің мүлдем жойылып кетуі мүмкін емес. Себебі қыран құстың асқақтығы мен тектілігі біздің халықтың бойына сіңген қасиет. Осынау бекзат өнерді дамытып, дәріптеп жүрген Бауыржан Ешметов – нағыз ұлт жанашыры, дәстүрін дәріптеген, ұлттық құндылығын сақтаған бірегей жан.   

Өзгелердің жаңалығы