Бекболат Тілеухан партия құрған келіні туралы: Екеуіміздің саяси көзқарасымыз екі жаққа кетіп қалған

21 Желтоқсан 2019, 09:29
3207
Бөлісу:
Бекболат Тілеухан партия құрған келіні туралы: Екеуіміздің саяси көзқарасымыз екі жаққа кетіп қалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында ақпарат құралдарында мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның келіні Тоғжан Қожалиева саяси алаңда жаңа ХАҚ деген партия құрып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Бүгін депутат осыған жауап берді. 

Абайдың: "Атадан балаға ой өзге" дегені сөзі бар. Өзі 10 адам болса, 10 түрлі пікір болады. Иә, ол менің келінім екені рас. Оның саяси көзқарасы, өмірлік ұстанымы бар. Бірақ мен бір партияда жүріп, екінші партияға секіре беретін адам емеспін ғой. Мен "Нұр Отан" партиясының белді мүшесімін, сол партияның гимнінің авторымын. Осы партияның төрағасы Назарбаевтың ұстанған саясатының жалғастыруға үлес қосып, насихатшысы болған адаммын. Өзімнің ойларымды іске асыруға мүмкіндік алған партия, былайша айтқанда билеуші партия, соның құрамында жүріп, келінім партия ашайын деп жатыр екен деп жүгіріп бармаймын ғой, - дейді Бекболат Тілеухан. 

Оның айтуынша, келіні мен екеуінің саяси көзқарасы екі басқа. Алайда оның пікірі мен көзқарасын құрметтейтінін айтты. 
Бұл не адамгершілікке, не саяси мәдениетке де келмейді. Тоғжан келінім, бірақ туған балам емес. Тіпті, қазіргі кезде келін тұрмақ, туған баланың өзі тіліңді ала бермейді. Сондықтан ғой Абайдың сөзін айтып жатқаным. Демократиялық заман. Біреу тауар өндіремін дейді, біреу партия құрамын дейді. Енді оның да көзқарасына құрметпен қарау керек. Бірақ бұл жағынан қарағанда екеуіміздің саяси көзқарасымыз екі жаққа кетіп қалған. Оны жасырмаймын, - дейді Мәжіліс депутаты.
Еске сала кетейік, осыған дейін Бекболат Тілеухан көп мәселе ұлттық сенім кеңесі арқылы биліктің құлағына жетіп отырғаны туралы пікір білдірген болатын. Ол президент тәуекелге толы, өте маңызды мәлімдеме жасағаны туралы да осыған дейін айтты.

Өзгелердің жаңалығы