- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Базалық мөлшерлеме төмендеді: Қазақстанда көлік арзандай ма?
Базалық мөлшерлеме төмендеді: Қазақстанда көлік арзандай ма?
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі автонесиеге қашан әсер етеді және жыл соңында автосалондар қандай жеңілдіктер ұсынуы мүмкін?
6 Қараша 2026, 18:14
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі несие нарығына оң әсер етуі мүмкін. Алайда бұл автосалондардағы көлік бағасы бірден түседі дегенді білдірмейді. Өйткені автомобиль құнына валюта бағамы, импорттық бөлшектер, логистика, өндірушілердің баға саясаты және нарықтағы сұраныс секілді бірнеше фактор ықпал етеді. Сонда базалық мөлшерлеменің төмендеуі автонесиеге қалай әсер етеді? Жыл соңына дейін көлік сатып алуды жоспарлағандар үшін қандай мүмкіндік бар? Тақырыпты BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі көлік бағасына әсер ете ме?
Қазақстан Автокөлік одағының мәліметінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі қарыз қаражатының арзандауына және қаржыландыру шарттарының біртіндеп жақсаруына алғышарт жасайды. Дегенмен оның әсері бірден байқалмайды. Себебі банктердің несие бойынша белгілейтін пайызы тек Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне ғана тәуелді емес.
Кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер банктердің қаражат тарту құнына, тәуекелдерді бағалауына және нақты кредиттік бағдарламалардың шарттарына да байланысты. Сондықтан базалық мөлшерлеменің төмендеуінің әсері бірден байқалмайды. Оның үстіне базалық мөлшерлеме мен автомобиль бағасы арасында тікелей байланыс жоқ, – дейді Автокөлік одағы.
Сонымен қатар одақ өкілдері несие алудың қолжетімді болуы жаңа автомобильдерге деген сұранысты арттыруы мүмкін екенін айтады. Әсіресе ай сайынғы төлем мөлшеріне басымдық беретін сатып алушылар үшін бұл маңызды. Халықтың табысы тұрақты болған жағдайда, мұндай өзгеріс жаңа көліктер сатылымына оң ықпал етуі ықтимал.
Алайда сұраныстың артуы автомобиль бағасы міндетті түрде өседі немесе төмендейді дегенді білдірмейді. Қазақстан нарығында бәсекелестік күшейіп, ұсынылатын модельдер көбейіп, жергілікті өндіріс дамып келеді. Сондықтан әр модельдің бағасы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына қарай қалыптасады.
Қазақстанның автомобиль нарығында бәсекелестік күшейіп, ұсынылатын модельдердің түрлері көбейіп, жергілікті өндіріс дамып келеді. Баға динамикасы әрбір модель бойынша сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына байланысты болады, – деп түсіндірді Автокөлік одағы.
Одақ өкілдерінің айтуынша, көлік бағасына базалық мөлшерлемеден бөлек бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында теңге бағамы, өндірістің өзіндік құны, импортталатын құрамдас бөлшектердің бағасы, логистика шығындары, салықтар мен міндетті төлемдер бар.
Ал жаңа автомобильдер нарығында бәсекеге қабілетті баға ұсыныстары сақталуы мүмкін. Қайталама нарықтағы жағдай өзгеше. Мұнда көліктің шығарылған жылы, техникалық жай-күйі және сұраныс деңгейі маңызды рөл атқарады. Себебі жеке адамның меншігіндегі автомобильдің сату бағасын оның иесі белгілейді.
Экономист Бауыржан Ысқақ та базалық мөлшерлеменің төмендеуі көлік бағасының бірден арзандауына әкелмейтінін айтады. Оның сөзінше, бұл шешім ең алдымен несие нарығына әсер етеді. Ал автомобильдің құнына ықпал ететін факторлар бөлек.
Үкіметтің базалық мөлшерлемені төмендетуі көлік бағасының бірден арзандауына әкелуі екіталай. Бірақ алдағы үш-алты айда автосалондарда да көлік бағасына қатысты өзгерістер болуы мүмкін. Мұнда екі түрлі мәселені ажырату керек. Біріншісі – базалық мөлшерлеменің өзгеруі, екіншісі – автокөлікті несиеге сатып алу құны. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі несие нарығына әсер етеді. Ал тікелей автомобиль бағасына валюта бағамы, импорттаушылар мен жеткізушілердің бағасы, логистикалық шығындар, өндірушілер белгілейтін баға және сұраныс ықпал етеді, – дейді экономист.
Сарапшы базалық мөлшерлеменің 16,20 пайыздан 15,75 пайызға дейін төмендегенін атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық банктің инфляцияның 9-13 пайызға дейін баяулауын болжап отыруы осындай шешім қабылдауға белгілі бір негіз болған. Дегенмен жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме тағы өзгеруі мүмкін екенін де ескерген жөн.
Автонесие қашан арзандауы мүмкін?
Бауыржан Ысқақтың пікірінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі автонесиенің арзандауына біртіндеп ықпал етуі мүмкін. Бірақ банктер пайыздық мөлшерлемені бірден түсірмейді. Қаржыландыру құнының өзгеруі мен несие шарттарының қайта қаралуына бірнеше ай қажет болуы ықтимал.
Автонесиенің арзандауына келсек, базалық мөлшерлеменің төмендеуі банктердің қаржыландыру құнына біртіндеп ықпал етеді. Алайда банктер автонесие пайызын бірден төмендетпейді. Экономикалық жағдайға байланысты несие мөлшерлемесін өзгерту үшін бірнеше ай қажет болуы мүмкін. Бұл процесс алдағы уақытта да жалғасын табады. Мұнда бір маңызды жайт бар. Автонесиенің пайыздық мөлшерлемесі, банктің қаражаты және көлік бағасы арасында тікелей байланыс жоқ. Олар әртүрлі факторларға тәуелді. Сондай-ақ тұтынушылық бағдарламалардың да өзіндік ықпалы бар, – дейді ол.
Жыл соңында автосалондар жеңілдік жасай ма?
Көлік бағасының төмендеуін күтіп жүргендер үшін экономист биылғы қараша-желтоқсан айларында автосалондарда түрлі акциялар мен жеңілдіктер болуы мүмкін екенін айтады. Әсіресе 2026 жылы шығарылған автомобильдерге жыл соңына арналған ұсыныстар жасалуы ықтимал. Олардың қатарында бастапқы жарнаға немесе қосымша жабдықтарға қатысты жеңілдіктер болуы мүмкін.
Сарапшы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің отандық автокөлік бағасы соңғы айларда шамамен 1 пайызға төмендегені және жыл соңына дейін қосымша жеңілдіктер болуы мүмкін екені туралы мәлімдемесін де еске салды.
Көлік бағасы арзандайтын үш сценарий
Бауыржан Ысқақ алдағы кезеңге қатысты үш түрлі сценарийді қарастырады.
Бірінші, оң сценарий бойынша кейбір модельдердің бағасы 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін арзандауы мүмкін. Бұған бағаның тұрақтануы, жеңілдіктер мен акциялардың көбеюі негіз болады.
Екінші, негізгі сценарийде автомобиль бағасында айтарлықтай өзгеріс болмайды. Тек жекелеген модельдерге жеңілдіктер ұсынылуы мүмкін. Ал үшінші, тәуекел сценарийі бойынша жалпы экономикалық жағдай қиындаса, көлік бағасының төмендеуі екіталай. Керісінше, бағаға қосымша қысым түсуі ықтимал.
2027 жылдың бірінші жартысында, егер базалық мөлшерлеме әрі қарай төмендеп, теңге бағамы тұрақты болса, бұл белгілі бір өзгерістерге негіз болуы мүмкін. Бірақ бұл көлік бағасының міндетті түрде төмендейтінін білдірмейді, – дейді экономист.
Оның айтуынша, автомобиль бағасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – доллар бағамы. Өйткені көлік нарығы импортпен тікелей байланысты. Бұдан бөлек, Қазақстанда қытайлық автокөлік өндірушілерінің көбеюі де бәсекелестікті күшейтіп отыр. Бұл басқа өндірушілерді баға саясатын қайта қарауға итермелеуі мүмкін.
Тағы бір маңызды фактор – халықтың сатып алу қабілеті. Егер сұраныс төмендесе, автосалондар тұтынушыларды тарту үшін жеңілдіктер ұсынуға мәжбүр болады. Ал Ресей нарығы ашылған жағдайда сатып алушылар саны артуы мүмкін. Экономист мұны бағаны төмендететін емес, керісінше, қазіргі деңгейде ұстап тұратын фактор ретінде қарастырады.
Жалпы, базалық мөлшерлеменің төмендеуі экономика үшін жағымды жағдай болып табылады. Бірақ оның әсерін көлік бағасына тікелей байланыстыруға болмайды. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі автосалондардағы көліктердің бағасы міндетті түрде түседі деген сөз емес. Менің болжамым бойынша, 2026 жылдың қараша-желтоқсан айларында жеңілдіктер есебінен көлікті тиімдірек сатып алуға мүмкіндік болуы мүмкін. Себебі автосалондар жыл соңында қоймада қалған 2026 жылы шығарылған көліктерді сатуға мүдделі болады деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Осылайша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі автонесие шарттарының біртіндеп жақсаруына ықпал етуі мүмкін. Алайда көлік бағасының арзандауы валюта бағамына, өндіріс пен жеткізу шығындарына, бәсекелестікке және сатып алушылар сұранысына байланысты болмақ. Сондықтан жыл соңында көлік алуды жоспарлаған азаматтар үшін жалпы бағаның жаппай төмендеуінен гөрі, жекелеген модельдерге ұсынылатын жеңілдіктер тиімді мүмкіндікке айналуы ықтимал.
Еске сала кетейік, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияға қатысты жыл соңына болжамын жариялады.
Тағы оқи отырыңыз: Несие, депозит, ипотека: Базалық мөлшерлеменің төмендеуі неге әсер етеді?
2026 жылы базалық мөлшерлеме қалай өзгерді?
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені не үшін төмендетті? – Сүлейменов түсіндірді
Ең оқылған:
- Соғымға ет аларда нені білу керек? Маман маңызды кеңес берді
- Пәтер мен көлік сатқанда түскен табыстан қанша салық төлеу керек?
- Еден жуушының шелегін тепкен директордың әйелі ме? – Ақтаудағы лицейде тексеру басталды
- Әскерге шақыруды кейінге қалдыру: Қазақстанда не өзгереді?
- QAZCONTENT басшысы БАҚ-ты жалған ақпаратпен күреске жұмылдыруды ұсынды
Мақпал ОРЫНБЕК