Әскерге шақыруды кейінге қалдыру: Қазақстанда не өзгереді?

Қорғаныс министрлігі әскерге бару ережелеріне өзгеріс енгізді.

5 Қараша 2026, 15:11
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 5 Қараша 2026, 15:11
5 Қараша 2026, 15:11
169
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстандықтарға әскерге шақыруды кейінге қалдыру құжаттарын түзету үшін үш жұмыс күні беріледі. Мерзім сақталған жағдайда алғашқы өтініш берген күн өз күшінде қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрінің бұйрығына сілтеме жасап.

Егер қателер, дәлсіздіктер немесе толық емес құжаттар жиынтығы анықталса, әскери комиссариат қызметкерлері хабарлама жіберіп, өтінішті қарауды уақытша тоқтата тұрады. Кемшіліктерді жоюға хабарлама алған сәттен бастап үш жұмыс күні беріледі. Белгіленген мерзімде үлгермегендерге бас тартылады. Дәл осындай тәртіп әскери қызметке шақырудан босату үшін де қарастырылған.

Бұл қызметтердің екеуі де eGov арқылы тегін көрсетіледі.

Әскери билет алу мен кейінге қалдырудың жаңа тәртібі қандай?

Өтінішті қараудың әдеттегі мерзімі – түзетуге кеткен үзілісті есепке алмағанда, алты жұмыс күні. Әскери билетті немесе оның дубликатын алушыларға да құжаттардағы кемшіліктерді жою үшін үш жұмыс күні беріледі.

Әскерге шақыруды кейінге қалдыру денсаулық жағдайына байланысты, оқу кезеңіне және отбасылық жағдайлар бойынша беріледі. Мысалы, некеде тұрған және баласы бар немесе балаларды анасыз тәрбиелеп отырған азаматтарға қатысты.

Сондай-ақ тізімге балабақша, мектеп және колледж педагогтері, ауыл дәрігерлері, азаматтық авиацияның жекелеген мамандары мен кеме экипаждарының мүшелері кіреді.

Кімдер әскерге шақырылмайды?

Бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан, атап айтқанда, денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар, ғылыми дәрежесі барлар және басқа мемлекетте әскери қызмет өткергендер босатылады. 27 жасқа толғанға дейін заңды негізде әскерге шақырылмағандар да босатылады.

Министр бұйрыққа 2026 жылғы 21 қазанда қол қойды. Өзгерістер алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа үлгісі енгізілетіні хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

37 іс тергелуде: Қорғаныс министрлігін тексеріп жатқан комиссия аралық қорытындыны жариялады

Әскери қызметшілердің қаза табуы: Кімдер жауапқа тартылуда?

Қорғаныс министрлігіндегі аудит: Қару-жарақтан бастап цифрлық жүйелерге дейін тексеріледі

 

Наверх