Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті. Шешімді Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 23 қазанда қабылдады. Мөлшерлеме бойынша +/- 1 пайыздық тармақ дәлізі белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция 2026 жылғы қыркүйекте 9,3%-ға дейін баяулаған. Бұл көрсеткіш соңғы 12 айда төмендеу үрдісін көрсетіп отыр.
Азық-түлік инфляциясы 9,5%-дан 8,5%-ға дейін төмендеді. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс бағасының арзандауы және ет бағасының өсу қарқынының баяулауы әсер еткен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,4%-дан 11%-ға дейін түсті. Ал қызметтер инфляциясы 8,9% деңгейінде сақталды.
Қыркүйекте айлық инфляция 0,6% болды. Маусымдық факторлардан тазартылған көрсеткіш 0,7%-ды құрады. Ұлттық банк бұл деректер баға қысымының әлі де сақталып отырғанын көрсететінін атап өтті.
Инфляцияға қандай факторлар әсер етіп отыр?
Ұлттық банк бағалауынша, сыртқы жағдай әлі де инфляцияны үдететін сипатта. Таяу Шығыстағы ахуал энергия ресурстары бағасының жоғары деңгейде сақталуына әсер етіп отыр. Сонымен қатар әлемдік нарықта азық-түлік бағасы да өскен.
ФАО азық-түлік бағасының индексі қыркүйекте бір айда 1,5%-ға, ал жылдық мәнде 5,8%-ға жоғарылап, 136 пунктке жетті. Бұған дәнді дақылдар, қант және өсімдік майы бағасының қымбаттауы ықпал еткен.
Ішкі нарықтағы инфляциялық тәуекелдерге бюджет шығыстары мен квазимемлекеттік сектор арқылы ынталандыру, инфляциялық күтулердің жоғары болуы, жанар-жағармай бағасы мен реттелетін тарифтердің өзгеруі жатады.
Сонымен қатар теңге бағамының қолайлы динамикасы, ақша-кредит шарттарының қатаңдығы және тұтынушылық кредиттеуді реттеу шаралары инфляцияны тежеуге ықпал етіп отыр.
Қазақстан экономикасы 4,2%-ға өсті
Алдын ала деректер бойынша, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,2%-ға өскен. Негізгі өсім шикізаттық емес салаларда, соның ішінде құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік секторларында байқалған.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7%-ға артты. Ал бюджет қаражатын есепке алмағанда, шикізаттық емес секторға бағытталған инвестициялар көлемі 25%-ға өскен.
Ұлттық банк тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқыны қалыпқа келе бастағанын атап өтті. Соған қарамастан, бюджет шығыстары мен жоғары инвестициялық белсенділік ішкі сұраныстың жоғары деңгейде сақталуына ықпал етіп отыр.
Базалық мөлшерлеме енді төмендей ме?
Ұлттық банк инфляция мен инфляциялық күтулердің бәсеңдеуі базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бергенін хабарлады. Қабылданған шешім инфляцияны 2028 жылға қарай 5% нысаналы деңгейіне қайтаруға бағытталған.
Алайда реттеуші баға қысымының әлі де жоғары екенін және инфляциялық тәуекелдердің күшейгенін ескертті. Жыл соңына қарай реттелетін тарифтерге қатысты төмен базаның әсерінен жылдық инфляция қайта үдеуі мүмкін.
Ұлттық банк қазіргі тәуекелдерді ескере отырып, 2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені өзгерту ықтималдығы төмен екенін мәлімдеді. Одан әрі шешімдер инфляцияның динамикасына, инфляциялық күтулерге және тәуекелдер теңгеріміне қарай қабылданады.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 4 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.