- Мұқаба
- Жаңалықтар
- QAZCONTENT басшысы БАҚ-ты жалған ақпаратпен күреске жұмылдыруды ұсынды
QAZCONTENT басшысы БАҚ-ты жалған ақпаратпен күреске жұмылдыруды ұсынды
Медиа-саммитте QAZCONTENT басшысы фактілерді тексеріп, жалған ақпарат деректерімен алмасуды ұсынды.
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
5 Қараша 2026, 19:05
Бейжіңде өткен 7-ші Дүниежүзілік медиа-саммитте «QAZCONTENT» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин жасанды интеллект журналистердің жұмысын қалай өзгертіп жатқаны, ұлттық контент үшін қандай мүмкіндіктер ашатыны және жарияланымдар үшін жауапкершілік неліктен редакцияда қалатыны туралы айтып берді. Ол компанияның тәжірибесімен бөлісіп, фактілерді тексеруде және ақпараттық бұрмалаушылықтарға (фейктерге) қарсы тұруда БАҚ ынтымақтастығын дамытуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«QAZCONTENT» қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жаңалықтар таратып, жастарға арналған, тарихи, әдеби және мультимедиялық жобаларды дамытып келеді. Әділ Сейфуллиннің айтуынша, бұл ресурстардың әртүрлілігі технологияларды енгізу тәсілін де айқындайды: құралдар әрбір жобаның нақты міндеттерін шешуге көмектесуі тиіс.

Компания басшысының айтуынша, компания көрсеткіштерінің артында оқырмандардың әртүрлі қызығушылықтары жатыр. Бір пайдаланушылар үшін жедел жаңалықтар маңызды болса, енді біріне ел тарихына қатысты материалдар немесе әдебиет әлемімен танысу қызықты. Сондықтан барлық ресурсқа бірдей қолдануға болатын жасанды интеллектіні енгізудің бірыңғай тәсілі жоқ.
Сервистерді сынақтан өткізуден бастап жеке көмекшілерге дейін
Жасанды интеллект QAZCONTENT редакцияларының күнделікті жұмысында қазірдің өзінде қолданылып келеді. Ол құжаттарды жылдам саралауға, материалдарды аударуға және жаңа форматтар жасауға көмектеседі. Сонымен қатар сервистерді жұмыс үдерісіне енгізбес бұрын олардың тиімділігі тәжірибе жүзінде бағаланады.

«Компанияда жасанды интеллект мәселелері жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Біз апта сайын жаңа құралдарды, халықаралық тәжірибені, деректер қауіпсіздігін және редакция үшін туындауы мүмкін тәуекелдерді талқылаймыз. Ал AI Lab зертханасы тәжірибелік алаңға айналды. Мұнда журналистер, редакторлар мен мультимедиялық топтар сервистерді күнделікті жұмысқа енгізбес бұрын сынақтан өткізеді», – деді Әділ Сейфуллин.
Жұмыс нақты міндеттен басталады: мамандар алынған нәтижені бағалап, қай кезеңде тексеру жүргізу қажеттігін анықтайды. Қызметкерлер жасанды интеллектіні сұхбаттарды мәтінге түсіру, құжаттарды талдау, аудару, графикалық материалдар мен анимациялар әзірлеу кезінде қолданады. Олардың көпшілігі өздерінің жұмыс міндеттеріне бейімделген жеке көмекшілерін де жасап алған.
Әділ Сейфуллиннің айтуынша, мұндай тәжірибе технологиялардың мүмкіндіктерін ғана емес, редакцияларда күнделікті жұмыста кездесетін қиындықтарды да талқылауға мүмкіндік береді.
Жаңа сервистерді әзірлеудегі редакциялық архивтердің рөлі
Тағы бір маңызды бағыт – редакциялардың жинақталған материалдарын пайдалану. Осы орайда Сейфуллин Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің тәжірибесіне назар аударды.

Оның айтуынша, 2026 жылдың маусым айында агенттік өз деректері мен ірі тілдік модельдер негізінде жұмыс істейтін жасанды интеллект көмекшісін таныстырған. Оның негізгі функцияларының қатарында ақпараттың бастапқы дереккөздерін іздеу және жаңалықтарға қатысты сұрақтарға жауап беру мүмкіндіктері бар.
QAZCONTENT үшін бұл тәжірибе редакциялық архивтермен жұмыс істеу тұрғысынан қызығушылық тудырады. Жылдар бойы жинақталған материалдар оқырмандарға Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен қазіргі өмірі туралы мәліметтерді оңай табуға көмектесетін жаңа сервистерді әзірлеуге негіз бола алады.
Соңғы екі жылда QAZCONTENT мамандары мыңға жуық адамды оқытқан. Олардың қатарында журналистер, министрліктердің, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың баспасөз қызметтерінің қызметкерлері бар. Оқыту бағдарламасы құжаттармен, бейнематериалдармен және суреттермен жұмыс істеуді, сондай-ақ дербес және қызметтік деректерді қорғау мәселелерін қамтиды.
Цифрлық жүргізушілер мен анимация
Компанияның интернет-ресурстарында жасанды интеллектінің көмегімен жасалған контенттің түрлі форматтары қолданылып келеді. BAQ.KZ сайтында цифрлық аватар әлеуметтік желілерде жаңалықтар дайджестін жүргізеді.
EL.KZ порталында ағылшын тілінде хабар тарататын цифрлық жүргізуші жұмыс істейді. Ал «El kids» арнасы үшін анимациялық сериал әзірленген. Оны дайындау барысында жасанды интеллект кейіпкерлерді, фондар мен көріністерді жасауға көмектескен.
Тарихи және әдеби порталдар аудиторияны тарихпен және қаламгерлердің шығармаларымен таныстыру мақсатында қысқа анимацияларды, архивтік суреттер мен көркемдік интерпретацияларды пайдаланады. Алайда мұндай форматтарды әзірлеу ерекше мұқияттылықты талап етеді: көрермен деректі материал мен көркемдік реконструкцияның аражігін ажырата білуі керек.
Қателіктің құны және редакция жауапкершілігі
Технологиялық мүмкіндіктердің кеңеюі нақты әрі түсінікті ережелерді қажет етеді. Әділ Сейфуллин контент дайындау жылдамдығы оның шынайылығы мен дәйектілігіне қойылатын талаптарды төмендетпеуі керектігін атап өтті.

«Біздің тәжірибеміз жаңа құралдардың редакция мүмкіндіктерін кеңейтетінін көрсетіп отыр. Дегенмен әрбір жаңа формат нақты әрі түсінікті ережелерді талап етеді. Нейрондық желі адамның аты-жөнін, лауазымын немесе күнін шатастыруы, ойдан шығарылған дәйексөз құрастыруы және жоқ дереккөздерге сілтеме жасауы мүмкін. Егер жарияланған қателікті кейін редакция түзетуге мәжбүр болса, уақыт үнемдеудің еш мәні қалмайды», – деп атап өтті ол.
Тағы бір қауіп жалған ақпаратты әдейі қолдан жасауға байланысты. Жалған хабарламаға көпшілікке таныс дауыс пен нақты адамның бейнесін беріп, белгілі бір басылымның дизайнына ұқсатып безендіруге болады. Мұндай жарияланымның ішіндегі шынайы деректер де алдаудың нанымды болуына ықпал етеді.
«Сонымен қатар жарияланған материал үшін оқырман алдында редакция жауап береді. Халықаралық ақпараттық кеңістікте жіберілген қатенің салдары бір елдің шеңберінен асып кетуі мүмкін. Қате аударма немесе қолдан жасалған мәлімдеме теріске шығару жарияланғанға дейін-ақ қоғамда алаңдаушылық тудыруы ықтимал», – деп атап өтті Әділ Сейфуллин.
Редакциялар бірлесіп не істей алады?
QAZCONTENT басшысы шілде айында Бішкекте өткен форумда фактілерді бірлесіп тексеру және тексерілген деректермен алмасу жөнінде ұсыныс жасағанын еске салды. Ал Бейжіңде өткен жиында ол редакцияларға ақпаратты жылдам тексеруге және жалған мәліметтердің таралуына жол бермеуге көмектесетін нақты қадамдарды атады.
«Жауапты редакторлар арасындағы тікелей байланыс бастапқы құжаттарды жылдам алуға және мәлімдемелерді нақтылауға көмектеседі. Жалған ақпарат туралы мәліметтермен алмасу әріптестерді оны қайта жарияламай тұрып ескертуге мүмкіндік береді. Бірлескен сабақтар нақты қателерді және оларды тексеру тәсілдерін талдауға жол ашады. Сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен жасалған суреттерді, дауыстар мен бейнежазбаларды белгілеу тәсілдерін де талқылаған жөн. Аудитория материалдың қайдан алынғанын білуге құқылы», – деп атап өтті Сейфуллин.
Ұсынылған шаралар БАҚ арасындағы жедел байланысты нығайтуды, нақты мысалдар негізінде тәжірибе алмасуды және жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті арнайы белгілеуді қамтиды.
QAZCONTENT басшысының айтуынша, технологиялардың одан әрі дамуы журналистердің өз жұмысын сапалы атқаруына көмектесіп, аудиторияның жарияланған ақпаратқа деген сенімін арттыруға негіз болуы тиіс.
Ең оқылған:
- Тоқаевтың қарсылығынан кейін Құрылтай депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңды қайта қарады
- Астанадағы «ЦОН» аумағы қоршауға алынып, адамдар шұғыл сыртқа шығарылды: Не болды?
- Әлемдік білім рейтингінде Қазақстан нешінші орында? Оқушыларымыздың қай көрсеткіші таңғалдырды?
- «Жаңа тарихи кезең басталды»: Құрылтай қазақстандықтарға үндеу жасады
- Ұрпаққа қалатын құнды мұра: Президент «Халықтық құрылыс» туралы айтты