Қазақстанда жыл соңына қарай инфляция қайта үдеуі мүмкін. Алайда Ұлттық банк коммуналдық тарифтерге қатысты реформаның тікелей әсеріне базалық мөлшерлемені көтеру арқылы жауап бермейді. Ал жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені өзгерту ықтималдығы төмен. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы 12 айда жылдық инфляция біртіндеп баяулап, халықтың инфляциялық күтулері төмендеген. Сонымен қатар тұтынушылық белсенділік те қалыпқа келе бастаған. Бұл қабылданып жатқан шаралардың нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.
Дегенмен Ұлттық банк қол жеткізілген нәтижені әлі де нығайту қажет деп санайды. Өйткені инфляция нысаналы деңгейден жоғары, ал тәуекелдер теңгерімі бағаның өсуіне қарай ауытқып отыр.
Жыл соңында инфляция неге өсуі мүмкін?
Тимур Сүлейменов жыл соңына қарай жылдық инфляцияның статистикалық тұрғыдан үдеуі мүмкін екенін ескертті. Бұған өткен жылғы реттелетін тарифтер деңгейінің төмен болуы әсер етеді.
Ұлттық банк төрағасының түсіндіруінше, 2025 жылдың қазан айынан бастап коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий қолданылған. Соның аясында өткен жылдың төртінші тоқсанында тарифтер 14%-ға төмендеген.
Осылайша, салыстыру үшін пайдаланылатын өткен жылғы баға деңгейі төмен болып қалыптасқан. Биылғы бағалар сол кезеңмен салыстырылғанда, инфляция көрсеткіші статистикалық тұрғыдан жоғарылауы мүмкін.
Алайда бұл міндетті түрде баға өсімінің жаңа толқыны басталды дегенді білдірмейді.
Біз реттелетін бағалар реформасының тікелей әсеріне базалық мөлшерлемені көтеру арқылы жауап бермейміз. Сонымен бірге жанама әсерлерді мұқият бақылап, олар байқалған жағдайда тиісті шаралар қабылдаймыз, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін өзгере ме?
Тимур Сүлейменов қазіргі тәуекелдер теңгерімін ескергенде, базалық мөлшерлемені жыл соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен екенін айтты.
Сонымен бірге бұл шешім түпкілікті кепілдік емес. Ұлттық банк алдағы уақытта макроэкономикалық деректерді, инфляцияның тұрақты баяулауын, халықтың инфляциялық күтулерін және бағаға әсер ететін тәуекелдерді бағалайды.
Реттеуші жанар-жағармай нарығындағы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтеріндегі жағдайды, сондай-ақ бюджет және квазимемлекеттік сектор арқылы экономиканы ынталандыру көлемін бақылауды жалғастырады.
Ұлттық банк төрағасының сөзінше, негізгі мақсат – баға өсімінің уақытша баяулауы емес, инфляцияның тұрақты төмендеуіне қол жеткізу.
Инфляцияны 5%-ға дейін төмендету көзделген
Ұлттық банктің жоспарына сәйкес, 2027 жылы инфляцияны 6,5-8,5% дәлізіне дейін төмендету, ал 2028 жылы 5% нысаналы деңгейіне жеткізу көзделген.
Бұл үшін базалық мөлшерлемемен қатар, реттеуші экономикадағы артық өтімділікті қысқартуға бағытталған қосымша құралдарды да қолданады. Олардың қатарында ең төменгі резервтік талаптар мен айналау операциялары бар.
Тимур Сүлейменов баға тұрақтылығы Ұлттық банктің басты басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Оның пікірінше, инфляцияның төмен әрі тұрақты болуы ұзақ мерзімді экономикалық өсімге және халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды.