«Байқоңырды» жалға беру шарты өзгеруі мүмкін

4 Желтоқсан 2019, 22:40
5127
Бөлісу:
«Байқоңырды» жалға беру шарты өзгеруі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Онда "1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

Хаттама 2017 жылғы 9 қарашада Челябинскіде жасалған болатын.

Сенатор Бекмырза Еламановтың айтуынша, Хаттама Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартының №2 қосымшасына өзгеріс енгізуге бағытталған. Сонымен бірге, Ресей Федерациясына жалға берілген жалпы алаңы 11,6 мың гектар жер учаскесін Қазақстан Республикасына қайтаруды көздейді. Оның ішінде: алаңы 1740 гектар екі учаске Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Төретам кентін кеңейту үшін; алаңы 9950 гектар екі учаске – "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәлізін салу үшін, "Алматы – Мәскеу" темір жолы және "Бейнеу – Шымкент" газ құбырының желілік бөлігі үшін жалға беруден шығарылатын болады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.
Өзгелердің жаңалығы