Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркі маңында «Қазавиаорманқорғау» мекемесіне тиесілі тікұшақ зақымданды. Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесіне оқ тиген. Бұл оқиғаға қатысты мекеме ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 31 қазанда Баянауыл ұлттық паркі аумағында болған. Белгісіз жағдайда атылған оқтың бірі тікұшақтың құйрық бөлігіндегі тік тұрақтандырғышына тиіп, оны тесіп өткен.
Ал Павлодар облысындағы «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Баянауыл авиациялық бөлімшесі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Мекеменің хабарлауынша, 2026 жылғы 1 қарашада орманды қорғау мақсатында авиациялық жұмыстарды орындауға тартылған әуе кемесінен зақымданулар анықталған.
Аталған факті бойынша материалдар қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайларын анықтау мақсатында құқық қорғау органдарының қарауында, – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ мекеме тергеуге қатысты өзге де мәселелер құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын атап өтті.
Әзірге әуе кемесінің нақты қандай жағдайда зақымданғаны, оқ атқан адамның кім екені және оқиғаның өзге де мән-жайлары белгісіз. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілуі мүмкін.
Еске салсақ, Непалда екі тікұшақ соқтығысып, шетелдік жолаушы қаза тапты.