Қарағанды облысында 5 шілдеде орын алған ауыр жол апаты салдарынан жеті адам қайтыс болды. Kia Sedona маркалы жеңіл көлік Ақшатау кентіне жетпей, Балқаш қаласы бағытымен келе жатып апатқа ұшырады. Бұл туралы Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жүргізуші қарсы бағыттағы көлікті басып озу әрекетін жасаған кезде жол белгілеріне мән бермей, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеге кіріп кеткен. Нәтижесінде көлік бетон қоршауға соғылып, бірден отқа оранған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеті жолаушы сол жерде мерт болды. Тағы бір жолаушы мен жүргізуші ауыр жағдайда медициналық мекемеге жеткізілді.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Сараптамалар тағайындалып, апаттың нақты себептері анықталуда.
Қарағанды облысы Полиция департаменті жолдағы тәртіпті сақтау қажеттігін тағы да еске салады.
Көп жағдайда мұндай қайғылы оқиғалар қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеудің салдары болады: жылдамдықты шектен тыс асыру, шаршаған күйде көлік басқару немесе жол белгілеріне мән бермеу, - дейді Қарағанды облысы ПД анықтау басқармасының бастығы Азамат Ахметов.
Ведомство жүргізушілерді ұзақ сапарға шыққанда арнайы тұрақтар мен лагерьлерде демалуға, көліктің техникалық жағдайын тексеруге және жауапкершілікті сезінуге шақырады.