ҰЭМ басшысы өз еркімен қызметінен кеткен Жұманғаринге табыс тіледі

11 Сәуір 2019, 15:05
2369
Бөлісу:
ҰЭМ басшысы өз еркімен қызметінен кеткен Жұманғаринге табыс тіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әріптесі, жақында ғана қызметінен босатылған бұрынғы вице-министр Серік Жұманғаринге табыс тілейтінін айтты. 

9 сәуір күні Серік Жұманғарин қызметтен кету туралы өзі берген өтінішіне байланысты ұлттық экономика вице-министрі қызметінен босатылған еді. 

Дәленовтің айтуынша, Жұманғарин министрлікте бизнес жүргізу шарттарын жеңілдету мәселелерімен айналысқан. Сонымен қатар, doing business пен Еуразиялық экономикалық одақ мәселелері де соның мойнында болған. 

«Жұманғарин үлкен жұмыс атқарды, тәжірибесі мол. Келесі қызметінде осының бәрі пайдасына жарайды деп ойлаймын. Біздің кәсіби қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Оған табыс тілегім келеді», - деді министр Парламент Сенатының кулуарында. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі болған Серік Жұманғариннің орнын Жаслан Мәдиев алмастырды. 

Осыған дейін 2019 жылдың ақпанында Серік Жұманғариннің журналиске «жынымды келтірмеңізші» деп ашуланған сәті БАҚ беттері мен әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Тілшінің тарифке қатысты сұрағы вице-министрге ұнамаған соң, осылай жауап берген. Кейіннен Жұманғарин кешірім сұрады.


Өзгелердің жаңалығы