Көкшетау сотында қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету қылмысын жасады деп айыпталған колледж бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты.
Сот мәліметінше, Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің бухгалтері 2021-2025 жылдар аралығында бюджет қаражатын ұрлаған.
Ол өзінің қызметтік орнын және мекеме басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланып, «online bank» жүйесі арқылы ақшаны колледж қажеттіліктеріне жұмсаған болып көрсетіп, есептен шығарып отырған. Сондай-ақ, өзіне белгіленген лимиттен тыс артық жалақы аударып келген. Әйел барлығы 70 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырып, оны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Осылайша, облыстық білім басқармасына ірі көлемде шығын келтірген, - деп хабарлады Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сотта ол өз кінәсін толық мойындап, ұрланған ақшаны несиелері мен қарыздарын жабуға, сондай-ақ автокөлік, пәтер және автотұрақ сатып алуға жұмсағанын түсіндірді. Сотталушы келтірілген шығынның 5 миллион теңгесін ғана өтеген.
Сот үкімімен бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Мемлекет пайдасына оның автокөлігі мен тұрақ орны тәркіленді. Білім басқармасының пайдасына, өтелген бөлігін ескере отырып, 65 млн теңге материалдық шығын өндірілді, - деп атап өтті соттағылар.
Әйелдің асырауында жас баласының болуына байланысты, сот жазаның орындалуын 2027 жылдың 22 сәуіріне дейін шегеру туралы шешім қабылдады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында директор мен бухгалтер "бизнеспен" айналысып, 10 жыл бойы жалақыны жымқырғаны анықталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Петропавлда мемлекеттен 2 млрд теңге жымқырған шенеунік қамауға алынды
Атырауда пара беруге итермелеген азамат 3,5 жылға сотталды
Қостанайда мемлекеттік субсидияны жымқырғандарға үкім шықты