Баспасөзге салықтық жеңілдік беру мәселесін көтеріп отырмыз - Айдос Сарым

24 Қараша 2023, 16:28
458
Бөлісу:
Баспасөзге салықтық жеңілдік беру мәселесін көтеріп отырмыз - Айдос Сарым
Фото: Арман Мухатов - архив

Аудандық газеттерге мемлекет тарапынан қолдау жасау қажет. Мұндай пікірді саясаткер, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясында айтылды.

Біз Мәжілістің қоғамдық палатасы ретінде көшпелі отырысты Алматы қаласында өткізуді жөн санадық. Екі бөлімде медиаға байланысты ұсыныстар түсіп жатыр. Бірқатары заң жобасына қосылуы да мүмкін. Біз депутат Ермұрат Бапи екеуміз 30 шақты ұсыныс бердік. Ол - негізінен, аймақтық баспасөзді қолдау. Газет, журналдардың таралуына байланысты ұсыныстар беріп жатырмыз. Бұрын әр қалада дүңгіршектер болатын, қазір олар жойылудың аз-ақ алдында. Адамдар көшеде кетіп бара жатып ала алмайды. Меніңше, осыны қолға алу қажет, бір шетінен жұмыс орны, бизнес болған еді. Республикалық газет жабылса да, аудандық газет жабылмайтынын жақсы білемін, - деді депутат.

Оның айтуынша, ауыл мен ауданда үлкен орта бар. 

Біреу біреуді туған күнімен құттықтап жатады. Аудан жаңалықтары бар. Оқырмандары іздеп оқиды деп айта аламыз. Бірақ аудандық газеттерге мемлекет тарапынан қолдау білдіру қажет. Өйткені олар орта, дәстүр қалыптастырып жатыр. Сондай-ақ, Салық кодексіне баспа мәселесіне, газет, журналдарға салықтық жеңілдік беру мәселесін енгізуді көтеріп отырмыз. Біз есептеп көрдік, газет, кітап бизнесінің ортақ салыққа салатын қаржысы көп емес. Руханиятты дамытқымыз келсе, қолдау білдіру қажет. Сондай-ақ әріптестеріміз журналистік карта жайлы әңгіме қозғады. Болашақта бұл заңға кірмеуі мүмкін. Дегенмен алдағы уақытта қазақ баспасөзі мен шетел баспасөзі иық тіресе алатын жағдайға жетеді, - дейді Айдос Сарым.

Өзгелердің жаңалығы