Бас прокуратура жарты жылдың жұмысын қорытындылады

23 Маусым 2023, 21:05
1060
Бөлісу:
Бас прокуратура жарты жылдың жұмысын қорытындылады

Бүгін Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыс барысында қадағалау органының басшысы прокурорлардың негізгі күш-жігері азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмысқа, әсіресе оның ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес, қылмыстық процесті жаңғырту, азаптаудың алдын алу, бизнесті қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға бағытталғанын атап өтті.

Өткен кезеңде ел бойынша қылмыс деңгейі 17% - ға (74650-ден 61442-ге дейін) төмендегені айтылды.

Прокуратураның үйлестіруімен аймақтардағы қылмыстық жағдайға нақты әсер еткен 10 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Сонымен қатар, бірлескен шаралар нәтижесінде синтетикалық есірткі өндіретін 30 зертхана жойылды.

Б.Асылов отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың, алаяқтық пен есірткі саудасының алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту қажеттілігін атап өтті. Қылмыстық процестің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру барысында прокурорлар 512 адамды негізсіз күдіктен қорғады. Үш буынды модель шеңберінде прокурорлар тергеу органдарының 150 мыңнан астам процестік шешімдерін зерделеп, оның ішінде 4,5 мың қаулыны келісуден бас тартылды, - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметінің ақпаратында.

Соттарда 11 мың қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптау қамтамасыз етілді. Прокурорлардың бастамасы бойынша 197 адамға қатысты үкімдер заңға сәйкес тексерілді, бұл ретте 156 сотталушының жағдайы түзетілді, оның ішінде 8 адам ақталды.

Өз кезегінде прокурорлар 20 адамға қатысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға жол бермеді және заңсыз ақтау үкімдерінің күшін жоюға қол жеткізді.

Бас Прокурор басым міндеттердің қатарында экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимылды белгіледі.

Жақында Парламентпен қабылданған тиісті заң жобаларының топтамасын іске асыру шеңберінде активтерді қайтару жөніндегі жұмысты тиісті ұйымдастыруды қамтамасыз ету нұсқалды.

Атап айтқанда, енгізілген өзгерістермен Бас прокуратура жанынан елден заңсыз шығарылған мүліктік және өзге де игіліктерді қайтару жөнінде жеке бейінді ведомство құру көзделген.

Бұл органға басқа мемлекеттердің соттарында, халықаралық арбитраждарда Қазақстанның мүдделерін білдіру, талап-арыз беру, шоттарға, мүлікке тыйым салу туралы өтінішхаттар енгізу және өзге де әрекеттерді жүзеге асыру өкілеттіктері беріледі.

Сондай-ақ азаптаудың алдын алу мәселелері қаралды.

Олардың алдын алу мақсатында заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп азаматтарды жеткізу қағидалары бекітілді, адамды ұстаған сәттен бастап міндетті бейнетіркеу қарастырылды.

Колонияларда, тергеу изоляторларында және тергеу органдарының қызметтік үй-жайларында бейнебақылау қамтамасыз етіледі.

Стамбул хаттамасының стандарттары бойынша азаптау туралы істерді тергеу әдістемесі әзірленді.

Бас Прокурор азаптаумен және басқа да қатыгездікпен күресуге баса назар аудара отырып, алдын алудан бастап жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге дейінгі кешенді тәсілдің қажеттілігін атап өтті.

Жалпы, азаптау фактілері бойынша күштік органдардың 35 қызметкеріне қатысты істер сотқа жіберілді. 17 адам сотталды.

Әлеуметтік-экономикалық салада бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы, автожолдардың жай-күйі, ЖЭО жұмысы, жерді нысаналы пайдалану, қала құрылысы, азаматтардың осал санаттарын, оның ішінде балаларды, мүгедектігі бар адамдарды қорғау және т.б. мәселелер бойынша бірқатар тексерулер жүргізілді.

Қадағалау және ден қою актілері бойынша мемлекетке 10 млрд теңге өтелді, 37 млрд теңге сомасына мүлік, 400 мың гектар жер қайтарылды.

Түрлі жауапкершілікке 11 мың адам, оның ішінде әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері тартылды. Сотқа дейінгі 116 тергеп-тексеру басталды, 65 адам сотталды. 1,3 млрд теңгеден астам сомаға жалақы берешегі өндірілді («Таза талас» МКК, «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС, «КЭМОНТ» АҚ, «Қазстройтрейд» ЖШС және т.б.). Прокурорлардың қатысуымен бірқатар еңбек даулары шешімін тапты, оның ішінде Маңғыстау облысының «БерАли» ЖШС-гі ұжымын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселесі де бар, - деп жазды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, 23 мың кәмелетке толмағандардың конституциялық құқықтары қорғалды.

Алматы және Түркістан облыстарында 18 млн теңге сомасына мүгедектігі бар адамдарға салықтар мен мемлекеттік баждарды негізсіз салудың 4 мыңнан астам фактісі анықталды.

Тұрғын үйге кезекке 22 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қойылды.

Өз кезегінде Бас Прокурор халықты толғандыратын мәселелерді шешуде алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Олардың қатарында еңбек жанжалдары, тығыз салынған құрылыс, жерді ұтымды пайдалану, жайылым тапшылығы, сумен жабдықтау, коммуналдық мәселелер және т.б. бар.

Сонымен қатар, қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру үшін прокурорлар жобалық басқару құралдарын қолдануға бағдарланған.

Бизнесті қорғау бойынша жұмыс барысында мобильді топтармен кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу туралы 1300-ден астам сигнал өңделді, әрбір бесінші факт расталды. Бас прокуратураның бастамасы бойынша 5 министрліктің 9 бұйрығы жойылды, олар 2 мыңға жуық кәсіпкерді заңсыз тексеруді көздеген. 5,3 мың тыйым салу және шектеу шаралары, 560 млн теңгеден астам сомаға 2,3 мың әкімшілік айыппұл жойылды, - делінген ақпаратта.

Бас Прокурор адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі тапсырмасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді талап етті.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық облыстардың прокурорларына елдегі заңдылықты нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау жөнінде жан-жақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы