БАҚ туралы заң. Ақпарат министрлігі баспасөз картасының артықшылығын түсіндірді

17 Наурыз 2023, 15:45
1668
Бөлісу:
БАҚ туралы заң. Ақпарат министрлігі баспасөз картасының артықшылығын түсіндірді
Фото: primeminister.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

АҚДМ БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өмірәлиев өзгерістер енгізілген заң жобасы ашық порталға орналастырылатынын айтты.

2 ақпанда ережеге сәйкес, «Масс медиа туралы» заң жобасының нұсқасы ашық порталға орналастырылып, талқыланды. Әрине көптеген ескерту де, әртүрлі пікірлер де болды. Мемлекет басшысының атына үндеу де жолданған болатын, оны да қарап, пысықтадық. Нәтижесінде жаңа нұсқаны дайындадық, - деп айтты Өмірәлиев онлайн кездесуде.

Ол өзгертілген нұсқа ашық порталға жарияланатынын атап өтті.

Ереже бойынша жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады. Қазір сараптамалық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Содан кейін мемлекеттік органдармен келісіп, Үкіметке кіреміз, - деді департамент директоры.

Ақпарат министрлігінің өкілі заң жобасына қандай өзгерістер енгізілгеніне тоқталды.

Барлығы ерекше жағдайларға қатысты пікір айтқан болатын. «Бұл норма қажет емес» деген сияқты. Жұмыс тобымен бұл мәселені талқылағаннан кейін заң жобасынан «ерекше жағдайлар» нормасын алып тастадық. Сонымен қатар заңды талқылағанда баспасөз карталары бойынша да пікірлер айтылды. Мысалы, «баспасөз картасын беретін комиссия уәкілетті органның жанында болмауы керек», «этика мәселесі заңда болмауы керек» және т.б. Осындай комментарилерді ескере отырып, заң жобасына өзгертулер енгіздік, - деп түсіндірді ол.

Жасұлан Өмірәлиев заң жобасындағы 29-бапқа енгізілген өзгерісті айтып берді.

Баспасөз картасы туралы 29-бапта уәкілетті органның жанындағы комиссияны және этика мәселесін де алып тастадық. Сонымен қатар жеңілдігі бар ипотеканы алып тастадық. Баспасөз картасы кәсіби журналиске шектеу бермейді. Алайда баспасөз картасына ие болған журналист мемлекеттік органдар ұйымдастырған іс-шараларға аккредитациясыз өте алады, - деп айтты АҚДМ өкілі.

Өмірәлиев қазіргі ақпараттық-технологияның дамыған заманында бұл жұмыстар цифрлы форматта болуы мүмкін екенін атап өтті.

Яғни бұл бап осылай жаңартылды.

29-бап. Баспасөз картасы

1. Баспасөз картасын журналистерге баспасөз карталарын беру мәселелері жөніндегі комиссия береді.

2. Журналистердің қоғамдық мүдделерін есепке алу және қорғау мақсатында журналистерге баспасөз карталарын беру мәселелері жөніндегі комиссия құрылады.

Өзгелердің жаңалығы