- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Банкроттыққа 416 мың өтініш: Қазақстандықтар несие құрсауынан неге шыға алмай жүр?
Банкроттыққа 416 мың өтініш: Қазақстандықтар несие құрсауынан неге шыға алмай жүр?
Елдегі банкроттар саны 70 мың адамға жақындады.
Бүгiн 2026, 12:30
TAZALAU порталының 2026 жылғы 2 маусымдағы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда соттан тыс банкроттық рәсіміне 416 154 өтініш түскен. Соңғы бір аптаның өзінде олардың саны 3 262-ге артқан. Ал банкрот деп танылған азаматтар саны 69 627 адамға жетсе, борышкерлер саны 28 181 адамды құрады.Бұл көрсеткіштер банкроттық тетігінің халық арасында сұранысқа ие болғанын көрсеткенімен, елдегі несиеге тәуелділік мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады. BAQ.KZ тілшісі қарызды есептен шығару әрдайым қаржылық қиындықтан толық құтылуға мүмкіндік бере ме? деген сауалға жауап іздеп көрді.
TAZALAU деректері нені көрсетеді?
2026 жылғы 2 маусымдағы жағдай бойынша соттан тыс банкроттық рәсіміне 416 154 өтініш берілген. Соңғы жеті күнде бұл көрсеткіш 3 262 өтінішке көбейген.
Борышкерлер саны 28 181 адамды құраса, бір апталық өсім – 1 411 адам. Ал банкрот деп танылған азаматтар саны 69 627-ге жетіп, соңғы жеті күнде тағы 1 085 адамға артқан. Сот арқылы жүргізілетін банкроттық рәсімі бойынша 25 088 талап арыз тіркелген.
Өтініштердің басым бөлігі цифрлық арналар арқылы жолданған. Азаматтардың 96,2 пайызы өтінішті электронды үкімет порталы арқылы тапсырса, 3,6 пайызы e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын пайдаланған. Қалған өтініштер өзге арналар арқылы берілген.
Бұл деректер екі үрдісті қатар көрсетеді. Бір жағынан, банкроттық рәсімі халық үшін қолжетімді бола түсті. Азаматтар құжаттарын онлайн тапсырып, артық қағазбастылықтан құтылды. Екінші жағынан, өтініштердің мұншалықты көп болуы банкроттықтың көптеген адам үшін төтенше шара емес, ұзаққа созылған қарыз жүктемесінен құтылудың амалына айналғанын көрсетеді.
ҚНРДА жүйелі мәселелердің барын мойындады
BAQ.KZ сауалына берген ресми жауабында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың банкроттығы туралы заңды іске асыру барысында соттан тыс рәсімнің тиімділігін төмендеткен жүйелі кедергілер анықталғанын мәлімдеді.
Азаматтардың банкроттығы туралы заңның іске асырылуына жүргізілген мониторинг барысында Агенттік Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп соттан тыс банкроттық тетігінің тиімді қолданылуына кедергі келтіретін жүйелі шектеулерді анықтады. Атап айтқанда, өтініштерді қарау мерзімдерінің ұзақтығы және азаматтардың проблемалық берешекті реттеуге арналған қолжетімді құралдар туралы хабардарлығының төмендігі байқалды, – делінген агенттік жауабында.
Қабылданған шаралардың бірі – ең күрделі санаттағы қарыз алушылардың, яғни бес жылдан астам уақыт бойы міндеттемелерін орындамаған азаматтардың өтініштерін қарау мерзімін қысқарту болды.
Міндеттемелерін орындау мерзімін бес жылдан астам уақыт өткізіп алған қарыз алушылардың едәуір бөлігінде берешекті өтеуге жеткілікті қаражат жоқ және олар ұзақ уақыт бойы төлем жүргізбеген. Бұған дейін бұл санаттағы борышкерлердің өтініштері алты ай бойы қаралатын, бұл әкімшілік жүктемені арттырып, соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануды созып жіберетін, – деп хабарлады агенттік.
2026 жылдың қаңтарында агенттіктің ұсынысымен заңнамаға өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде бес жылдан астам мерзімі өткен берешегі бар және жиынтық қарызы 1 600 АЕК-тен аспайтын азаматтар үшін соттан тыс банкроттық рәсімін қарау мерзімі алты айдан бір айға дейін қысқартылды.
Бұл шара уәкілетті органға түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, проблемалық борышкерлер үшін банкроттық тетіктерінің қолжетімділігін арттыруға және қарыздарды есептен шығару процесін жеделдетуге бағытталған. Соның нәтижесінде азаматтардың экономикалық белсенді өмірге қайта оралуына қолайлы жағдай жасалады, – деп түсіндірді агенттік.
Тағы бір маңызды бағыт – соттан тыс банкроттық талаптарына формалды түрде сәйкес келетін, алайда мұндай мүмкіндік туралы білмейтін азаматтарды ақпараттандыру.
Соттан тыс банкроттық тетігіне сұраныс жоғары болғанымен, төлем қабілетсіздігінің белгілері бар азаматтардың едәуір бөлігі оны қолдану мүмкіндігінен хабарсыз. Соның салдарынан олар проблемалық берешекті реттеу бойынша ешқандай шара қабылдамайды, – делінген ресми жауапта.
Мемлекеттік кредиттік бюроның деректеріне сәйкес, бес жылдан астам мерзімі өткен берешек критерийіне 300 мыңнан астам қарыз алушы сәйкес келеді. Пилоттық жоба аясында оларға «1414» электрондық үкімет сервисі арқылы SMS-хабарламалар жіберіле бастады.
Банкроттық рәсімінен кімдер өте алады?
Adilzanger заң консультанттары палатасының мүшесі, қаржы басқарушысы Нұрсұлтан Сүгірбаевтың айтуынша, Қазақстанда банкроттықтың екі негізгі түрі бар – соттан тыс және сот арқылы жүргізілетін банкроттық.
Соттан тыс рәсімге кез келген азамат қатыса алмайды. Ол үшін қарыз көлемі 1 600 АЕК-тен, яғни 6 920 000 теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар борышкердің атына тіркелген мүлік болмауы және соңғы 12 ай ішінде қарыз бойынша төлем жасалмауы қажет.
Заңға сәйкес, өтініш беруші қарызды реттеу немесе өндіріп алу рәсімдерінен өткен болуы және соңғы жеті жыл ішінде банкроттық рәсімін қолданбаған болуы тиіс, - дейді ол.
Алайда кейбір ерекшеліктер де бар. Егер азамат алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алып келген болса, ол соңғы төлем жасалған мерзімге қарамастан соттан тыс банкроттыққа өтініш бере алады. Сондай-ақ міндеттемелер бес жылдан астам уақыт орындалмаған жағдайда да өтініш беруге мүмкіндік бар.
Ал қарыз көлемі 1 600 АЕК-тен асатын азаматтар үшін сот арқылы банкроттық рәсімі қарастырылған. Бұл жағдайда борышкердің мүлкі болуы мүмкін. Алайда ол қарызды өтеу үшін сатылуы ықтимал. Жалғыз тұрғын үй кепілге қойылмаған жағдайда ғана сақталып қалуы мүмкін.
Неліктен азаматтарға бас тарту жиі беріледі?
Банкроттық рәсімі қарыздарды жаппай кешіру құралы емес. Өтініш берген әр азамат мемлекеттік деректер базалары мен кредиттік бюролар арқылы мұқият тексеріледі.
Нұрсұлтан Сүгірбаевтың айтуынша, қиындықтардың көбі автоматтандырылған тексеру кезеңінде туындайды.
Уәкілетті органдар азаматтың мүлкі, міндеттемелері және төлем қабілеттілігі туралы мәліметтерді тексереді. Егер талаптарға сәйкес келмейтін жайттар анықталса, алдын ала бас тарту туралы хабарлама жолданады. Алайда бұл түпкілікті шешім емес. Азамат қосымша құжаттар ұсынып, түсініктеме беру арқылы шешімді қайта қаратуға құқылы, - дейді заңгер.
Сонымен бірге сарапшы автоматтандырылған жүйелер кей жағдайларда нақты жағдайды дұрыс бағалай бермейтінін айтады.
Мысалы, кейбір азаматтарға бір немесе бірнеше кредитор алдындағы берешек бойынша мерзімі өткен қарыздың есептен шығарылуына байланысты бас тарту беріледі. Ал жүйе төлем мерзімінің кешігуі мен қарызды өтеу кезеңін ажырата алмай қалатын жағдайлар кездеседі, - дейді ол.
Сот арқылы банкроттық рәсімінде де қиындықтар аз емес. Құжаттар заң талаптарына толық сәйкес келмесе, сот өтінішті қабылдамай қайтаруы мүмкін.
Сарапшының айтуынша, борышкердің адалдығы қағидаты да маңызды рөл атқарады. Алайда оның мазмұны кейде тым кең түсіндіріледі.
Соттар азаматтың еңбекке қабілетті жаста болуы, білімі, денсаулығының жағдайы немесе жұмыссыз мәртебесін де ескеріп жатады. Бұл өз кезегінде «адалдық» ұғымын нақтылау қажеттігі туралы пікірталастарға себеп болып отыр, - деп атап өтті сарапшы.
Банкроттық барлық қарызды кешірмейді
Көпшілік банкроттық рәсімінен өткен соң барлық міндеттемелер жойылады деп ойлайды. Алайда іс жүзінде олай емес.
Соттан тыс рәсім арқылы тек банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер мен арнайы қаржы компаниялары алдындағы қарыздарды ғана есептен шығаруға болады.
Сот арқылы банкроттық рәсімінде қарыздардың ауқымы кеңірек болғанымен, белгілі бір міндеттемелер кешірілмейді.
Олардың қатарында алимент бойынша берешек, адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу міндеттемелері, Ұлттық банк туралы заңнан туындайтын талаптар, қаржы басқарушысының қызмет ақысы, қылмыстық құқық бұзушылықтардан келген залалды өтеу және сот шешімімен өндірілетін бюджетке төлемдер бар, - деді заңгер.
Банкрот деп танылған азаматтарға белгілі бір шектеулер қойылады. Мысалы, бес жыл бойы жаңа қарыз алуға болмайды. Тек ломбардтардың шағын несиелері ғана ерекшелік ретінде қарастырылады.
Қайтадан банкроттық рәсімінен жеті жылдан кейін ғана өтуге болады. Бұдан бөлек, салық органдары үш жыл бойы банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.
Егер осы кезеңде тіркеуге жататын мүлік сатып алынғаны анықталса, кредиторлар банкрот мәртебесін қайта қарауды талап ете алады.
Неліктен банкроттық несиеге тәуелділік мәселесін шешпейді?
Мәселенің түп-тамыры тек құқықтық тетіктерде емес. Көптеген отбасы үшін несие күнделікті шығындарды жабудың құралына айналған.
Қазақстанда банкроттық қаржылық қиындықтардың әмбебап шешімі емес. Бағаның өсуі табыс өсімінен озып кетіп жатыр, баспана көпшілік үшін қолжетімсіз күйінде қалып отыр, халықтың жинақ деңгейі төмен. Соның салдарынан бөліп төлеу мен шағын несиелер күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған, - дейді Нұрсұлтан Сүгірбай.
Көптеген азамат жаңа несие алып, ескі қарызын жабуға немесе тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге мәжбүр.
Сондықтан қарызға белшеден батудың себебі тек қаржылық сауатсыздықта емес, халықтың қаржылық тұрақтылығының әлсіздігі мен жалпы экономикалық қиындықтарда жатыр. Банкроттық адамның мойнындағы ауыр қарызды жеңілдетуі мүмкін. Бірақ ол табысты көбейтпейді, өмір сүру құнын төмендетпейді, жинақ қалыптастырмайды және жаңа қарызбен ескі қарызды жабу әдетін өзгертпейді, - деді маман.
Реттеуші қандай шаралар қабылдап жатыр?
ҚНРДА BAQ.KZ сауалына берген жауабында проблемалық несиелердің көбеюін шектеу үшін 2024 жылғы маусымда несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған заң қабылданғанын мәлімдеді.
Осы заң аясында 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға тұтынушылық несие беруге тыйым салынды. Сонымен қатар проблемалық қарыздарды қайта құрылымдау тетіктері күшейтіліп, мұндай несиелерді коллекторларға сатуға екі жылдық мораторий енгізілді, - деді агенттік.
Сондай-ақ азаматтардың банк омбудсманы арқылы проблемалық берешекті сотқа дейін реттеу құқығы кеңейтілді. Енді оның құзыреті азаматтардың барлық несие түрлері бойынша, соның ішінде тұтынушылық несиелерге де қатысты дауларға да қолданылады.
Тұтынушылық несие беруді шектеу үшін қарыздың шекті сомалары белгіленді. Банктік қарыздар бойынша шекті сома – 2 200 АЕК немесе 9,5 млн теңге, ал микроқаржылар бойынша – 1 100 АЕК немесе 4,75 млн теңге.
Ірі тұтынушылық несие рәсімдеу кезінде жұбайының келісімін алу талабы енгізілді. Сонымен қатар банктер мен микроқаржы ұйымдарының кепілсіз несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәні 56%- дан 46%-ға дейін, ал кепілмен берілетін несиелер бойынша 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді, - делінген жауапта.
Бұдан бөлек, Ұлттық банктің макропруденциялық саясат саласындағы өкілеттігі күшейтілді. Норматив ретінде қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициенті және қарыздың табысқа арақатынасы бекітілді. Бұл құралдар жаңа қарызды өтеуге нақты мүмкіндігі жоқ азаматтарға несие беруді шектеуге бағытталған.
Алайда мұндай шаралардың нәтижесі бірден байқалмайды. Өйткені халықтың бұрыннан жиналған қарыз жүктемесі сақталып отыр. Ал банкроттық қайта құрылымдау, кредиторлармен келіссөз және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру әрекеттері нәтиже бермеген кезде қолданылатын соңғы шараға айналады.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың жағдайы күрделі күйінде қалып отыр
Тағы бір өзекті мәселе – табысы төмен және әлеуметтік төлемдерге тәуелді азаматтар. Заңгердің айтуынша, қолданыстағы механизм мүгедектігі бар адамдардың, зейнеткерлердің және өзге де әлеуметтік осал топтардың жағдайын әрдайым толық ескере бермейді.
Банкроттық рәсімін қолданудағы басты мәселе – әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін арнайы тетіктердің болмауы. Бұл, ең алдымен, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға қатысты. Әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектік бойынша тағайындалған жәрдемақыдан қарызды өтеу үшін мәжбүрлі түрде 25 пайызға дейін ұстап қалуға рұқсат етіледі, - дейді заңгер.
Оның айтуынша, зейнеткерлер де өндіріп алудан толық қорғалмаған.
Зейнет жасындағы азаматтардың шоттары да өндіріп алудан босатылмайды. Кредиторлар мен жеке сот орындаушылары олардың зейнетақысынан 50 пайызға дейін ұстап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда банкроттық рәсімін қолдану мүмкін болмай қалады, себебі міндеттемелер мәжбүрлі түрде орындалып жатыр. Заңда мәжбүрлі және ерікті төлемнің ара-жігі нақты ажыратылмағандықтан, халықтың ең осал санатына жататын азаматтар «табысы бар» деген негізбен қарызын есептен шығара алмайды, - дейді Сүгірбай.
Заңгер әлеуметтік осал топтар үшін арнайы ерекшеліктер енгізу банкроттық рәсімін әділ ете түсер еді деп есептейді.
Несие төлей алмай қалған адам не істеуі керек?
Сарапшылардың пікірінше, банкроттық бірінші қадам болмауы керек. Егер адам несиесін төлей алмайтынын түсінсе, алдымен кредиторлармен келісуге тырысқаны жөн. Ол үшін қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өтініш беріп, қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса ұсынуы және барлық байланысты жазбаша түрде жүргізуі қажет.
Егер азаматтың тұрақты табысы немесе қарызды біртіндеп жабуға мүмкіндік беретін мүлкі болса, сот арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жолын қарастыруға болады. Ал банкроттық – қарыз жүктемесі тұрақты сипат алып, басқа құралдар көмектеспеген жағдайда қолданылатын соңғы шара.
Ең алдымен адамның мәселені мойындап, үрейге бой алдырмауы маңызды екенін айтады. Оның сөзінше, ескі қарызды жабу үшін жаңа несие алуға асықпау керек. Бұл – қарыз құрсауын одан әрі тереңдететін жол.Қарыз шарттарын өзгерту туралы өтініш дайындап, оған растайтын құжаттарды тіркеу қажет. Кредиторлармен жазбаша байланыс жүргізіп, өз жағдайыңды ашық айту маңызды, - деді заңгер.
Оның айтуынша, мұндай жағдайдың алдын алу соттан немесе банкроттық порталына өтініш беруден емес, әлдеқайда ертерек – кіріс пен шығысты бақылаудан басталады.
Көп жағдайда азаматтар төлем қабілетсіздігіне шығындарын бақыламау және ойланбай жасалған сатып алулар салдарынан тап болады, - дейді сарапшы.
TAZALAU деректері банкроттық рәсіміне сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. 2026 жылғы 2 маусымдағы жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 416 мыңнан астам өтініш беріліп, банкрот деп танылған азаматтар саны 70 мыңға жақындады. Алайда бұл көрсеткіштер мәселенің қаншалықты терең екенін де аңғартады.
Банкроттық қарызын өтеуге шамасы келмейтін азаматтарға көмектеседі. Бірақ ол несиеге тәуелділіктің басты себептерін – отбасылардың қаржылық тұрақтылығының төмендігін, жинақтың жоқтығын, шығындардың өсуін және ескі қарызды жаңа қарызбен жабу әдетін жоя алмайды.
Сондықтан мәселе қанша азаматтың банкроттық рәсімінен өте алатынында ғана емес. Ең басты сұрақ – адамдардың қайтадан банкроттыққа дейін жетпеуі үшін не істеу керек дегенге тіреледі.
Бұған дейін 400 мыңға жуық қазақстандық банкрот болғысы келетіні хабарланған еді. Өтініштердің бір бөлігі заң талаптарының сақталмауына байланысты кері қайтарылған.
Тағы оқи отырыңыз: "Қарызы кешіріледі": Қазақстанда 66 мың адам банкрот деп танылды
Ең оқылған:
Аида БАТУХАН