Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Олжас Бектенов пен Роман Скляр Ұлытау облысының жаңа әкімін таныстырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр Ұлытау облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.
Депутаттарға Мемлекет басшысының Ұлытау облысының әкімі лауазымына екі кандидатты – Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевты ұсыну туралы хаты оқылды. Ашық дауыс беру нәтижелері бойынша 64 депутат 87%-ы Есет Байкеннің кандидатурасы үшін дауыс берді. 13% депутат Нұртас Кәріпбаевты қолдады, - деп жазылған хабарламада.
ҚР Президентінің тиісті жарлығымен Ұлытау облысының әкімі болып Есет Байкен тағайындалды.
Премьер-министр өңірдің жаңа әкімі Есет Байкенді таныстырды.
Сөз сөйлеу барысында Олжас Бектенов жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан дамуындағы маңызды тарихи кезеңнің бастауы болғанын баса айтты. Мемлекет басшысы жуырда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында экономиканы дамудың жаңа моделіне көшіру міндетін қойды, бұл барлық деңгейде заманауи әрі тиімді жұмыс тәсілдері мен қағидаттарын енгізуді талап етеді.
Премьер-министр Президенттің өңір басшылығына берген бірқатар тапсырмасын атап өтті.
Өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылды. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Өңір басшылығына инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. Сонымен қатар автомобиль жолдарының құрылысын, әсіресе Қарағанды – Жезқазған күре жолын салуды жеделдету қажет. Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мәселесіне ерекше назар аударылуы тиіс. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарының қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән беру қажет. Бұдан бөлек, Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, туристік инфрақұрылымды дамыту және туристік әлеуетті арттыру бойынша тапсырма берілді.
Облыс активімен кездесуде Премьер-министр Мемлекет басшысының Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру жөніндегі бағытын жүзеге асыру халықтың тұрмысына оң әсер ететін нақты нәтижелер арқылы көрініс табуы тиіс екенін атап өтті. Алға қойылған міндеттердің сапалы орындалуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.