Ұлттық Банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбаев ортақ QR жүйесі енгізілгеннен кейін банктердің бонустық бағдарламалары қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ортақ QR барлық банктің мобильді қосымшасына енгізіледі. Нәтижесінде қазақстандықтар терминалдың қай банкке тиесілі екеніне қарамастан, өздері пайдаланатын банк қосымшасы арқылы кез келген сауда орнында төлем жасай алады.
Бұған дейін белгілі бір банктің клиенті сауда орнында тек өз банкінің QR-коды арқылы төлем жасайтын. Енді клиент өзінің банк қосымшасы арқылы терминалдың қай банкке тиесілі екеніне қарамастан, кез келген сауда нүктесінде QR арқылы төлем жүргізе алады. Төлем кідіріссіз әрі кедергісіз жүзеге асырылады, – деді Ерлан Ашықбаев Ұлттық Банкте өткен брифингте.
Департамент директорының мәліметінше, ортақ QR жүйесінің іске қосылуы банктердің бонустық бағдарламаларын тоқтатпайды. Әр банк клиенттерге берілетін бонустар мен өзге де ынталандыру шараларын өз саясатына сәйкес айқындайды.
Бонустық жүйелер мен банктер қолданатын басқа да ынталандыру шаралары сақталады. Әр банк өз шешіміне қарай бонустық бағдарламаларын арттыра алады немесе оған өзгерістер енгізе алады, – деді ол.
Қазірдің өзінде бірқатар банк ортақ QR арқылы жасалатын төлемдерге арналған жаңа бонустық бағдарламаларды әзірлеп жатыр. Бұл банктерге клиенттерін жаңа төлем тәсілін пайдалануға қосымша ынталандыруға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар телефон нөмірі арқылы кез келген банкке ақша аудара алатыны айтылды.
Сондай-ақ, Тимур Сүлейменов Қазақстанда бірыңғай QR 19 шілдеден бастап іске қосылатынын жеткізді.