Балқашта теміржол учаскесінде ер адамды жүк пойызы қағып, ол оқиға орнында қаза тапты. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында хабарлады.
Оқиға қалаға кіреберістегі көпірдің астындағы теміржол учаскесінде болған. Жүк пойызы 34 жастағы ер адамды қағып кеткен.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, адам өліміне әкеп соғу туралы бабымен қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Көліктегі полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталатынын хабарлады.
Еске салсақ, бұған дейін Шу станциясында әйелді пойыз қағып кеткен болатын.
Сонымен қатар, Жапонияда жүрдек пойыз теміржолда жұмыс істеп жүрген төрт қызметкерді қағып кетті. Оқиға Токиодан солтүстікке қарай шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Канума қаласындағы Син-Канума станциясында болған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үш адамның қаза тапқанын анықтады. Қайтыс болғандардың жасы 50 мен 60 аралығында.