Балаларда кездесетін қатерлі ісіктің 50%-ы туабітті болып келеді – дәрігер

18 Ақпан 2021, 16:27
2870
Бөлісу:
Балаларда кездесетін қатерлі ісіктің 50%-ы туабітті болып келеді – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева онлайн-лекторий кезінде айтты.

Балалар арасындағы онкологияның негізгі себептері не дегенге келер болсақ, оған толыққанды жауап беру мүмкін емес. Өйткені, бұл тақырып бүгінгі күнге дейін әлі жеткілікті деңгейде зерттелген жоқ. Балалар ересектерге қарағанда шылым шегіп, алкогольді ішімдіктер ішу сияқты зиянды әдеттерден алыс, оларда онкологиялық аурулардың пайда болуына себеп болатын қандай да бір ішкі факторлар әсер етті деу қиын. Бірақ балаларда кездесетін қатерлі ісіктің 50%-ы туабітті болып келеді. Яғни, балалар онкологиясына себеп болатын факторлардың бірі – адамның геніндегі қандай да бір мутация, ол балаға беріліп, ісік пайда болады, - дейді ол.

Басқарма басшысы балаларда болатын қатерлі ісік (рак) профилактикасы жөнінде айтқан кезде, негізгі әңгіме ата-ананың денсаулығы турасында болатынын айтады. Дәрігер отбасы құрмас бұрын жастар дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болу, саламатты өмір салтын ұстану сияқты қарапайым әдеттерді ескеруі маңызды дейді.

Себебі, мұның бәрі түбінде генетикалық өзгеріске, мутацияға алып келуі мүмкін. Әрбір адамның бойында қатерлі ісікке қарсы иммунитет бар, ол иммундық жүйені бақылауда ұстайды. Ал зиянды әдеттер салдарынан болатын эмбрионалды клеткаларда өзге денелер пайда болады да, ол иммунды жүйе бақылауынан шығады. Нәтижесінде, олар көбейіп, онкологиялық аурулардың туындауына себеп болады. Мұндай ісіктер балаларда «эмбрионды қатерлі ісік» деп аталады. Олар әдетте 3 жасқа дейін пайда болады, - дейді ол.

Дәрігер ең негізгі профилактика ата-ананың денсаулығы екенін баса айтты.


Өзгелердің жаңалығы