Балаева: Конституция күні – бұл тұрақты да тиянақты дамудың белгісі

30 Тамыз 2021, 10:40
12506
Бөлісу:
Балаева: Конституция күні – бұл тұрақты да тиянақты дамудың белгісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.

Барша қазақстандықты атаулы мерекеміз – Конституция Күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан тура 26 жыл бұрын – 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы президенттік басқару формасындағы бүгінгі зайырлы, құқықтық және демократиялық мемлекетіміздің негізін қалаған Ата Заңымыз қабылданған еді. Бұл жаңадан құрылған жас мемлекетіміз үшін де, тәуелсіздік жауапкершілігінің тарихи жүгін сезінген азаматтар үшін де сындарлы кезең болды. Уақыт көрсеткендей сол кездегі халық таңдауы бүгінгі жемісті нәтижесін көрсетіп отыр, - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Балаева ширек ғасырдан астам уақыттан бері Ата Заңымыз азаматтарымыздың құқығы мен бостандығын қорғап, қоғамның демократиялық қағидалар негізінде дамуын қамтамасыз етіп келе жатқанын айтты.

Егер Тәуелсіздік – мемлекетімізге әлемдік қауымдастықпен терезесі тең дәреже әрекет етуге мүмкіндік берсе, Конституция – осы мемлекеттің әрбір азаматының өз құқығын қорғап, ондағы адам өмірінің ең жоғарғы құндылық екендігіне кепілдік береді. Сондықтан Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – бұл тұрақты да тиянақты дамудың белгісі. Пандемия – қазір қоғам үшін күрделі де ауыр кезең болып отыр. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, халқымыздың уақыт сынағынан өткен мызғымас бірлігі мен қамқор тірлігі бұл қиындықты да нәтижелі еңсеруге мүмкіндік береді деп сенемін, - деп айтты ол.

Сонымен қатар министр атағандай, биыл ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулықтың негізінде елдігіміздің еңсесін тіктеп, іргесін бекітіп келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы.

Бұл біздің баға жетпес басты құндылығымыз. Жарқын келешек пен баянды болашақ қалыптастырудың осы жолында біз алда да аянбай еңбек етіп, қашанда бір тудың астында біріге білуіміз қажет. Конституция күні құтты болсын!, – деп сөзін қорытындылады Аида Балаева.
Өзгелердің жаңалығы