Балабақшалар 2027 жылдан бастап міндетті лицензиялаудан өтеді

16 Қараша 2026, 10:47
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 16 Қараша 2026, 10:47
16 Қараша 2026, 10:47
109
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды міндетті лицензиялау енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің мәліметінше, бүгінде еліміздегі 12 мың мектепке дейінгі ұйымда 1,1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп, білім алуда. Биыл 389 мыңнан астам бүлдіршін мектепалды даярлықтан өткен.

Сонымен қатар 20 қала мен 23 ауданда мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 1,3 миллион ваучер берілген. Нәтижесінде бюджет қаражатының 47,6 млрд теңгесі үнемделіп, балабақша кезегіндегі балалар саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін азайған.

Бұдан бөлек, республикадағы 100 мектепке дейінгі ұйымда, оның ішінде 62 мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақшада балаларды ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу жобасы іске асырылуда.

Министр балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мектепке дейінгі ұйымдардың жауапкершілігін арттыру мақсатында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап балабақшаларды міндетті лицензиялау енгізілетінін атап өтті.

Орта білім беру саласына келсек, республика бойынша 8 мыңнан астам мектепте 4 миллион оқушы білім алып, 420 мың педагог жұмыс істейді. 2026–2027 оқу жылында бірінші сыныпқа 382 мың бала қабылданған. Ал 11-сыныпта 214 мың оқушы оқып жатыр.

Сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты Жаңа Конституцияда бекітілген нормаларға сәйкестендірілген.

Еске салсақ, Қазақстанда соңғы үш жылда қиын жағдайға тап болған немесе көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам бала анықталып, оларға тиісті қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ, Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға бес жыл ішінде 1,3 трлн теңге қарастырылған. Құжат аясындағы 158 іс-шараның 70 пайызы толық орындалды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен Үкімет сағатында мәлімдеді.

Наверх