Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде – Асанов

17 Тамыз 2022, 12:31
1681
Бөлісу:
Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде – Асанов

Бұны «Сенімен болашақ» РҚБ негізін қалаушысы Нұркен Асанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан да ұлы күреспен ғана жүзеге асырылады. Болашақтың жастарын тәрбиелеуде білімге деген талап пен талғамның ерекше болуы шарт. Бірлестіктің аты да айтып тұрғандай, «Сенімен болашақ», болашағымыз – бүгінгі жастарымыз. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде. Болашағымыз жарқын болуы үшін ата-аналар боп, бірлестік құрдық, – деді ол сөз басында.

Нұркен Асанов еліміздегі отбасылық мәселелерге тоқталды. Айтуынша, әрбір ата-ана өз баласын «балапаным деп» айта беріп, жөнімен жібермеу қажет.

Сондай-ақ спикер «баламның тамағын тойдырып, киімін бүтіндесем соның өзі де жетеді» дейтін ата-аналарға кеңес берді.

Негізі баланы киіндіріп, тамағын беріп, «аутсорсингке» беріп қою әрбір ата-ана үшін өте қиын жағдай. Бұл жерде «аутсорсинг» деп балабақша мен мектептегі ұстаздарды айтып отырмыз. Өкінішке қарай, бүкіл жауапкершілікті ата-аналар мектептегі мұғалімге артып қояды. Жаһанның әр ақпараты бала бойына жылдам сіңіп, оның миын ашытып жатқан заманда әр ата-ана бала тәрбиесіне араласпаса, оны ортасы тәрбиелеп кетеді. Ал баланың ата-анасымен қарым-қатынасы тығыз, шынайы болса, ондай балаға қоғам әсер ете алмайды.  Ал біздің мақсат – әрбір ата-ананы жақсы орта тәрбиелеуге жұмылдыру. Әрбір ата-ана қоғамға үлес қосқан кезде ғана тәрбиелі, жақсы, жайлы орта қалыптасады, – деді «Сенімен болашақ» РҚБ негізін қалаушысы.

Сөзінше, баланың тұлға болып қалыптасуы 80%-ы ата-анаға байланысты.

Себебі бала балабақшаға барғанша, мектепті бітіргенше ата-ананың жанында болады. Ата-ана балаға бар мейірімін төгіп, өсиетін айтып, қамқорлығын шын сездіре алса, бала жаман болмайды. Баланың дарынын анықтап, оның біліміне инвестиция салу – баласы болашақта табысты болғанын қалайтын ата-ананың негізгі міндеті деп жатамыз ғой. Бұғанасы қатпаған балаға жақсы мен жаманды айрып беру де – ата-ананың міндеті. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді ең алдымен бала әке-шешеден үйренеді, – деді ол «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты Республикалық Тамыз конференциясында.

Айта кеткен жөн, бүгін елордада «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты Республикалық Тамыз конференциясы өтті. Шараны «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға еліміздің барлық облыстарынан 800-ге жуық белсенді ата-ана қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Өзгелердің жаңалығы