Азық-түлік алғанда қаражатты қалай үнемдеуге болады?

11 Сәуір 2022, 17:14
3714
Бөлісу:
Азық-түлік алғанда қаражатты қалай үнемдеуге болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатқанымен тауар бағалары төмендемей тұр. Осыған байланысты бұл материалда азық-түлік алуда денсаулыққа зиян келтірмей қалай үнемдеуге болатынын айтамыз.

Азық-түлік ақшасын үнемдеуді бастамас бұрын отбасылық бюджетті жоспарлап үйрену керек. Ол үшін қарапайым блокнотты немесе ұялы телефондағы Excel бағдарламасын қолдануға болады. Ең оңай тәсіл – «кіріс», «шығыс», «қорытынды» деген бағандары бар кесте арнау. Бірінші бағанға айлық табысыңызды көрсетсеңіз, екіншісіне тамаққа жұмсаған ақшаны жазасыз, ал үшінші баған қалған қаражат мөлшерін жазуға арналады.

Кесте жүргізуден бірден бас тартпаңыз. Себебі аталған кестеден бірнеше айдан соң тамаққа қанша ақша жұмсап жүргеніңіз анық көрінеді. Мысалы, чипсы мен газдалған сусынға кететін ақша бір күнде онша біліне қоймайды, ал бір немесе үш айдан соң денсаулығыңызға пайдасы жоқ тауарға өзіңіз ойламаған қаражатты жұмсап жүргеніңізді байқауыңыз мүмкін.

Азық-түлік ақшасын үнемдеудің келесі қадамы базар, дүкен немесе супермаркетке барғанда мынадай қарапайым ережелерді ұстану: 

  • Қажет азық-түліктің тізімін жазып, сол тізім бойынша ғана сауда жасау. Яғни тізімде жоқ тауар жеңілдікпен тұрса да, оны алмауға дағдылану.
  • Азық-түлік алатын орынды дұрыс таңдау. Азық-түлікке кететін ақшаны үнемдеу үшін адамдар көбіне көтерме сауда орындарында сауда жасайды. Бірақ бұл әдістің кемшілігі көтерме сауда орындары көбіне қала сыртына жақын жерде немесе өнеркәсіптік аймақта орналасады. Егер сізде көлік болса, онда жету қиын емес. Ал егер көлігіңіз болмаса, бағасы тиімді супермаркетті таңдағаныңыз дұрыс.
  • Жақындармен бірігу. Кейбір көтерме сауда орталықтары тауарларды бөлшек саудада сатпайды. Ондай кезде тауарларды туыстармен, достармен бірігіп алған тиімді.
  • Қолма-қол ақшамен төлеу. Банк карталарымен төлеген кезде қанша ақша жұмсағаныңызды байқамай қалсаңыз, жоспарсыз сауда жасап қойсаңыз, дүкенге өзіңізбен бірге қолма-қол ақшаның шектеулі мөлшерін алып шыққаныңыз дұрыс.

Сондай-ақ ең қымбат тауарлар сатып алушының көзінің деңгейіндегі сөреге қойылатынын және артық шығындардың шамамен 20%-і дүкенге қарыныңыз аш күйде барғаннан жасалатынын ескеріңіз.

Өзгелердің жаңалығы