Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді - президент

4 Қыркүйек 2019, 11:45
1887
Бөлісу:
Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді - президент
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері қаламгерлерінің І форумын ашты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Азияның дамуы жайлы айтты.

«Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, кейін тарих қатпарына сіңіп, қалыптасуына куә болған көне құрлық. Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді. Шығыс мемлекеттері әлемдік алпауыттар қатарынан нық орын алды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 
Қазақстан президентінің айтуынша, жаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде. 

«Мысалы, қазір Ұлы Жібек жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде. Жер бетіндегі жазу-сызудың шығыста пайда болуы – соның айқын дәлелі. Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге тарады. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімдері дәл осындай туындылардан табылады», - деді Тоқаев.

Бұған дейін президент «қазақ әдебиеті - халқымыздың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына» деген болатын. Сондай-ақ, Тоқаев «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындауды және электрондық кітапхана құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы «ақын-жазушыларымыздың туындылары 2,5 млрд оқырманға тарайды» деді.
Өзгелердің жаңалығы