Ажырасу саны өсіп, отбасын құру деңгейі төмендеп жатыр – Оралов

12 Қыркүйек 2020, 17:07
2780
Бөлісу:
Ажырасу саны өсіп, отбасын құру деңгейі төмендеп жатыр – Оралов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов Отбасы күніне орай ұйымдастырылған Otau Fest онлайн фестивалі аясында өткен диалог алаңында айтты.

Отбасы – халқымыздың ең маңызды бір бөлігі. Отбасында отанға деген сүйіспеншілік, үлкендерге құрмет, жақын адамдарға деген жауапкершілік, еңбекқорлық деген сияқты құндылықтар қалыптасады.

Рухани және мәдени мұра сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады. Мықты және тату отбасы - мемлекет пен қоғамның өркендеуінің тірегі мен негізі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отбасы және бала институтын қолдау мен дамытуды мемлекеттің саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде белгіледі, - деді Асхат Оралов.

Президенттің 1 қыркүйектегі Жолдауында Отбасы институтын әлеуметтік қолдау және қорғауға ерекше назар аударылды.

Қазақстанда отбасылық және демографиялық жағдайды жақсарту бойынша мемлекеттік түрлі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Олар денсаулық, білім саласы бойынша, сондай-ақ жұмыспен, баспанамен қамту, кәсіпкерлікті дамыту.

Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының жұмыс істейтін жастарына 3 000-нан аса жалдамалы пәтер берілді. Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «Жас отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жас отбасылар ауылды елді мекендерде мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері бар, - деді вице-министр.

Оның сөзінше, «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру бойынша бірнеше шара жүргізілуде. 

Дегенмен, отбасы институтын жан-жақты қолдау бойынша қабылданған мемлекеттік шараларға қарамастан, қоғамда назар аударып, шешімді қажет ететін проблемалар бар. Ажырасу саны өсіп, отбасы құру төмендеп жатыр. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық факторлары ерекше назар аудартады. Онымен қоса ерте отбасын құру мәселелері де маңызды. Отбасы институтының нығаюына қолдау көрсету мақсатында министрлік пен азаматтық сектор гранттық жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның бірі – бүгінгі ұйымдастырылған алаң, - деді Оралов.

Жыл соңына дейін жастарды 2025 жылға дейін қолдау бойынша кешенді жоспар қабылданады. Сондай-ақ, жас отбасыларды да қолдау шаралары қарастырылады.

Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, жастар үшін отбасы ең жоғары құндылыққа ие. Зерттеу нәтижесі 85,2%-ды, кейін денсаулық 51,8% және достықты көрсетті. Осыған байланысты барлық күш-жігер Отбасы институтын дамыту мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Otaufest жас отбасылар фестивалі өтіп жатыр.
Өзгелердің жаңалығы