Әжіғалиев спорттағы кемшін тұстар туралы айтты. Барлығы ақшаға келіп тіреледі

22 Ақпан 2022, 11:45
1778
Бөлісу:
Әжіғалиев спорттағы кемшін тұстар туралы айтты. Барлығы ақшаға келіп тіреледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейжіңде өткен XXIV қысқы Олимпиадада ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиев спорттағы кемшін тұстар туралы айтты.

Мені қолдаған және Олимпиадада бізге шын жүректен жанкүйер болып, алаңдағандарға тағы да шексіз алғыс айтамын. Дәл осы мәселе қазір өзекті болып тұрғанда мүмкіндікті пайдаланып, шорт-тректі мысалға ала отырып, біздің спортшыларымыздың Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын айтқым келеді, - деп жазды спортшы. 

Мұз айдыны

Алау - қазірде шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға немесе Ресейге жаттығуға шығамыз. Алауда барлығы мінсіз болғанымен ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан жаттығу керек, - деп жазды Абзал. 

Спортшы  мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тірелетінін айтты. 

Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Пекин Олимпиадасының алдында біз Алауда дайындалдық. Бірақ бізге мұз тек Олимпиада алдында емес, үнемі керек, - деп жазды ол. 

Ол мұз айдыны тіпті жастар мен жасөспірімдер үшін де қарастырылмағанын айтты. 

Айтпақшы, мұз тек ұлттық құрамада емес, жастар мен жасөспірімдер үшін де қарастырылмаған.  Біздің спорт бойынша, нақты біздің спортымыз үшін басты проблема осы. Барлығы медаль күтеді. Ал бізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз, - деп ағынан жарылды. 

Өңірлердегі мұз сарайларының ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайтынын айтты. 

Әр өңірде мұз сарайлары салынған. Бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті, Алматыдағы да. Маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда бізге жарақат алып қалу қауіпі өте жоғары. Алматының мұз алаңдарындағы жағдай да Алаудағыдай. Бос уақыт жоқ, ақша жоқ…, - деді Абзал Әжіғалиев.

Тек мұз айдыны ғана емес, жаттығу құралдары бойынша да проблема бар екенін атып өтті. 

Бізге керекті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алу біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек, - дейді спортшы. 

Қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де дұрыс жолға қойылмаған. 

Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қайрайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары қажет құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде "госзакуптың процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр" деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар "біздің жабдықтарымыз жоқ" деп тоқтап тұрмайды ғой. Салдарынан біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған бөлшектерді сатып әпереді. Немесе біз «заңда рұқсат етілмеген» деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға сатып алуға тура келеді. Себебі біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Жарыс тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе, - деді ол. 

Спортшы қысқы спорт жазғы спорттың тасасында қалып келетінін айтты. 

Маған облыстық спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет велосипед алып береміз деп уәде берді. Қазір енді сұрасам тым қымбат дегенде, жоқ дегенде  станок алып берулерін сұрадым. Өзімше спонсорларға осы өтінішімді айтып көріп едім, ол да жауапсыз қалды. Бізде спортты дамыту керек деп көп айтады. Бірақ ана жолы айтқанымдай, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалады. Қысқы спорт ешкімге қызық емес. Жағдай тек өзім үшін жақсарсын деп емес, жалпы жастар да бұл спортпен айналысса, осы спорттың елімізде болашағы бар екенін көрсеткім келеді, - деп жазды ол. 

Шорт-трек туралы тек Олимпиада кезінде ғана емес, барлық кезде біліп жүрсе екен деген ойын да жеткізді. 

Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, көп жазылмайды. Осы спортымызды Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен дейсің. Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен танысқандарын жазады. Бірақ біз көп жыл бойы әлем кубогтарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді, - деді ол.

Ол біздің елде спорт саласында демеуші жоқ екенін де айтып өтті. 

Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеуші жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Бірақ Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады?, - деді ол. 

Жарақат алса, өз қаражатына емделеді. 

 2018 жылғы Олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт денсаулығымда проблема болды. Осы уақытта құрамадан шеттетілдім, өз қаражатыма емделдім. Бізде жарақат алсаң ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта, біздің спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда соңында жалғыз қаласың, - деді Абзал. 

Ол келесі Олимпиадада нәтижеге жету үшін, дайындықты қазірден бастау керек екенін айтты. 

Қазір Олимпиада бітті. Иа, білемін, ешкімнің нәтижесі мәз емес. Біздің кішкентай командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш еді. Келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін қазірден бастап қимылдау керек, біздегідей Олимпиадаға жарты жыл қалғанда емес. Бізде жазғы спортқа назар көп аударылған соң, талап та жоғары. Жанкүйерлер қысқы спорттан да сондай нәтиже күтеді, - деді ол. 

Спортшы үлкен арманымен бөлісті. 

Менің ең үлкен арманым - еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету, ауылдардағы, аймақтағы балалардың барлығы бірдей спортпен айналыса алса, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшының, спортшы болудың мәртебесін білсе және оның қандай еңбек екенін білсе, - деді ол. 

Спортшыларға медаль болса ғана жағдай жасалады. 

Қазір бізде егер сенде медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалынуы керек қой. Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді.  Сөз соңында мен өз командама, жаттықтырушыларыма рахмет дегім келеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Осы уақытқа дейін талай қиындықты еңсеріп, мойымадық. Әрі қарай да биік белесті бағындыруға барымызды саламыз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аянбаймыз. Бізді үнемі қолдап, жанашыр болып отырған әрқайсысыңызға алғыс. Еліміздегі спортты өсіретін де, өшіретін де өзіміз. Сондықтан менің осы айтқандарым тиісті жерге жетеді деп ойлаймын, - деп ағынан жарылды спортшы ұлымыз.

Өзгелердің жаңалығы