Ажар Ғиният Әбішевке қарсы арыз жазғаны рас па? - Министр жауабы

26 Қаңтар 2023, 15:37
1048
Бөлісу:
Ажар Ғиният Әбішевке қарсы арыз жазғаны рас па? - Министр жауабы

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Біртанов ісі бойынша бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев апелляциялық сот отырысында өзінің үстінен министрдің арыз жазғандығы туралы ақпаратты таратқан болатын. Осыған қатысты БАҚ өкілдері нақты жауап беруін сұрады. 

Бұл қате ақпарат. Мен нақты оның (Әбішевтің – ред.) үстінен арызданбадым. Әлдекімдер менің келісімімсіз маған қатысты жеке деректерді қолданып, петицияға қатысқан. Ол жерде менің жеке басымның мәліметтері, соның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірімді (ЖСН) қолданған. Мемлекеттік органның басшысы екенімді ескере отырып, менің кез келген сөзімді халық министрліктің атынан айтылған ұстаным ретінде қабылдайтындықтан мән-жайды анықтау үшін арыз жаздым. Оны кімнің, қандай мақсатпен жасағанын анықтауды сұрадым, - деп түсіндірді Ажар Ғиният Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, бұған дейін  Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Әбішевтің үстінен арыз жазғаны туралы ақпарат тараған болатын. 

Ұлыммен жаттығу залында жүргенімде, кеше полициядан хабарласып, менің атыма қазіргі министр Ажар Ғинияттан арыз түскенін айтты. Бір нәрсе ғана белгілі, ол – осы сот процесінде айтылған ақпаратқа қатысты екендігі. Мен қатты таңқалдым. Себебі сотта мәлім болған ақпараттың барлығы ашық дереккөздерден алынған, ешқандай инсайдерлік ақпарат жоқ. Неліктен менің үстімнен арыз жазылғанын түсіне алмадым, - деген еді апелляциялық сот отырысында Олжас Әбішев. 

Өзгелердің жаңалығы