Әзербайжан қайраткерлері «Абай 175 жыл» медалімен марапатталды

22 Қаңтар 2021, 21:51
1738
Бөлісу:
Әзербайжан қайраткерлері «Абай 175 жыл» медалімен марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінде түркі елдері суретшілерінің ұлы қазақ ақыны шығармаларының желісімен салынған туындыларын қамтитын «Абайды оқи отырып» арт-альбомының тұсаукесері өтті. 

Сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сенсек, альбомды Абайдың 175 жылдығына орай Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) шығарған болатын. 

Тұсаукесерге ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиева, Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов, Әзербайжан-Қазақстан республикалық достық қоғамының вице-президенті Эльдар Исмаилов, сондай-ақ Әзербайжанның ғылыми және шығармашылық топтарының өкілдері қатысты. 

Кездесуге қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Д. Қасейінов Абай халық ақыны, ойшыл және қазіргі қазақ ұлттық әдебиетінің негізін қалаушы бола отырып, өз жұртына ғана емес, бүкіл түркі әлеміне де бай мұра қалдырғанын – оның өлеңдері мен дана сөздері бауырлас халықтардың мәдениет байлығы мен руханиятын паш ететінін атап өтті. 

Іс-шара барысында ұлы қазақ ақынының есімі мен мұрасын насихаттауға үлес қосқан тұлғаларға «Абай 175 жыл» естелік медалі және құрмет грамотасы тапсырылды. 

Баку мемлекеттік университеті (БМУ) жанындағы Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығының жетекшісі Фатима Дурсунова, БМУ түркология кафедрасының меңгерушісі Рамиль Аскаров, журналист-публицист Аида Эйвазова, жазушы Нариман Абдулрахманлы, Әзербайжан мемлекеттік педагогикалық университеттің әдебиет кафедрасының профессоры Эльман Гулиев, БМУ түркология кафедрасының профессоры Фируза Агаева марапаттарға ие болды. 

Қонақтарға Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы деректі ролик көрсетіліп, қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылды.


 

Өзгелердің жаңалығы