Азаматтық авиация академиясының лицензиясы неге тоқтатылды

8 Қараша 2019, 19:35
2600
Бөлісу:
Азаматтық авиация академиясының лицензиясы неге тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрлігі жүргізген тексеру барысында Азаматтық авиация академиясының лицензиясы тоқтатылды. Оның басты себебі – кадрларды даярлау саласындағы ғылыми дәрежелі мамандардың жеткіліксіздігі. Бұл туралы Азаматтық авиация академиясының баспасөз қызметі хабарлады. 

ҚР Білім және ғылым министрлігі жүргізген тексерістер барысында "Азаматтық авиация академиясы" АҚ лицензиясының қолданысы тоқтатылды. 2012 жылы академия қайталанған тексерістен өте алмай, кейін сот арқылы лицензиясын қайтарып алған. Дәл осындай жағдай бүгін де орын алып отыр. Академияның тексерісінен өтпеуінің негізгі себебі – авиациялық инженерлік кадрларды даярлау саласындағы ғылыми дәрежелі мамандардың жеткіліксіздігі, - дейді академияның баспасөз қызметі.
Қазақстанда авиациялық қызметкерлерді даярлауды халықаралық талаптарға және азаматтық авиация саласындағы халықаралық тәжірибеге сәйкес келтіру әрекеті ҚР Білім және ғылым министрлігінің біліктілік талаптарына қайшы келеді.

Ресми дерекке сүйенсек, 2009 жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Қазақстандағы авиациялық қызметкерлерді даярлауда бірқатар сәйкессіздіктерді анықтаған екен. Бұл қазақстандық авиакомпаниялардың Еуропалық Одақтың "қара тізіміне" кіруіне себеп болған. Халықаралық авиация ұйымы 2016 жылы Қырғыз Республикасында тексеру жүргізу барысында да авиациялық қызметкерлердің біліктілігі туралы ескертпе жасаған. Осы себепті Қырғыз Республикасының авиациялық қызметкерлерінің әлемдегі барлық мемлекетте, соның ішінде Қазақстанда жұмыс істеуіне тыйым салынған. Қырғыз Республикасындағы 21 ұшқыштан коммерциялық авиация ұшқышы екені туралы куәлігі қайтарып алынған. 
Халықаралық азаматтық авиация ұйымның негізгі талаптары – ғылыми дәрежелердің болуы емес, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен бекітілген сертификатқа сәйкес біліктілік деңгейі бар нұсқаушылардың болуы. Бұл – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі, ол үшін авиациялық қызметкердің біліктілік дәрежесінің рөлі зор. Осы мақсатта ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі қазіргі уақытта жоғары мамандандырылған оқу орны мәртебесін беруге бағытталған "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын ұсынды. Бұл Академияға азаматтық авиация саласында және Қазақстан Республикасында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау бойынша салалық реттеушілердің, халықаралық стандарттардың және халықаралық тәжірибенің талаптарына сәйкес келуіне мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.


Өзгелердің жаңалығы