Шымкентті толық карантинге жабуға негіз жоқ – Мұрат Әйтенов

26 Наурыз 2020, 09:29
4085
Бөлісу:
Шымкентті толық карантинге жабуға негіз жоқ – Мұрат Әйтенов

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы Covid-19 коронавирус індетін жұқтыру және таралуының алдын алу шаралары бойынша мәлімдеме жасады. Әкімнің айтуынша, коронавирус жұқтырған баласы мен анасы отбасымен және науқасты қараған 2 медициналық қызметкер отбасымен, науқаспен қарым-қатынаста болған тағы 5 адам оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына карантинге жатқызылған.

Өкінішке орай, қаламызда короновирус індетін жұқтырған 2 азамат тіркелді. Қазіргі уақытта олар Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланып, ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты. Бірінші науқас 18 наурыз күні сағат 17.30-да Нұр-Сұлтан қаласынан "Нұр-Сұлтан-Жетісай" бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен келген. 20 наурыз сағат 23:30-да 4 азамат Шымкент қаласы Бекжан автовокзалынан түсіп, үшеуі Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Ал, біреуін әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен сапарын жалғастырған. Ал, жаман індетті жұқтырған азамат 23 наурызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдаған. Ауруы асқынғаннан кейін жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жөтелмен шағымданған. Нәтижесенде осы азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынды. Бүгін аталған азаматтың анасынан тест анализі алынып, оң нәтиже көрсетілді. Шұғыл түрде, науқастармен қарым-қатынаста болған 2 медицина қызметкері отбасыларымен және 5 потенциалды қатынастағы азаматтар оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінгі таңда, Нұр-Сұлтан-Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аталған азаматпен байланыста болған барлық азаматтар оқшауландырылып, бірлескен шаралар ұйымдастырылып жатыр,-деді Мұрат Әйтенов.

 "Күніне 2 рет дезинфекция жүргізіледі"

Шымкент дезинфекция.jpg

Әкімнің сөзінше, қазіргі таңда індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді.

Қауіпсіздік шаралардың негізгі бағыттарына тоқталып өтейін. Біріншіден, қалаға кіретін азаматтардың денсаулығын тексеруден өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кіреберіс жол қақпаларға 12 санитарлық бекет қойылды. Бұған дейін, теміржол вокзалы мен әуежай да санитарлық бақылауға алынған. Екіншіден, қаладағы базарларда, сауда орталықтарында, автобустарда, қоғамдық орындарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде дезинфекция жұмыстары күніне 2 рет жүргізіліп жатыр. Үшіншіден, барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді. Бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперде тігіліп, қала аумағындағы дәріханалар мен базарларға жеткізілуде. Сонымен қатар, антисептик өнімдерін шығаратын "Ордабасы" индустриалды аймағындағы кәсіпорын күніне 4 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығарып жатыр,-деді әкім.

"Азық-түлік бағасын ұстап тұруға 3 млрд теңге қаралды"

Сондай-ақ, қауіпсіздік мақсатында қала аумағындағы оқу орындарының барлығы демалысқа шығып, қашықтан оқыту жүйесімен жұмыс жасап жатыр. Ал 26-наурыздан бастап балабақшалардың барлығы жұмысын тоқтатады. Сонымен қатар, қаладағы тойханалар, ойын-сауық орындары толығымен тоқтатылып, сауда орталықтары мен мейрамханалардың жұмыс уақыттары шектелді.

Бесіншіден, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру бойынша арнайы штаб құрылып, азық-түліктің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңда аса қажетті 19 азық-түлік түрінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті. Баға бақылауда. Сондықтан, алаңдауға, еш негіз жоқ. Алтыншыдан, 15 наурыздан бастап Шымкент қала аралық автобустар вокзалылынан жүретін халықаралық және 22 наурыздан Нұр-Сұлтан мен Алматы бағыттары шектелді. Бүгіннен бастап автобекеттердің жұмысы толығымен тоқтатылды. Төтенше жағдай жариялануына байланысты бүгінгі күнде қоғамдық көліктер бағытының 25 пайызы уақытша қысқартылды,-деді Әйтенов.

 Бірыңғай байланыс орталығы.jpeg


"170 орынға арналған инфекциялық стационар құрылды"

Сонымен қатар, қала аумағында коронавирус инфекциясының жаппай таралу қаупі анықталған жағдайда әрекет етудің алгоритмі жасалынып, ауруларды жатқызатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылыпты. Бұдан басқа, 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалған.

Бүгінгі таңда, медицина қызметкерлері жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен дәрілер толығымен жеткілікті. Қажеттілік болған жағдайда бұдан басқа да бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ. Мәселе менің жеке бақылауымда. Қала тұрғындарын ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында 39-50-55 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығы құрылды. Қазіргі таңда, қала тұрғындары Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларды қатаң сақтауымыз қажет. Төтенше жағдайда әрбір тұрғынның қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан бәріміз арнайы талаптарды сақтауға міндеттіміз,-деді әкім.
Өзгелердің жаңалығы