Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аймағамбетов салыққа қатысты жақсы жаңалық айтты

23 Маусым 2025, 17:54
1723
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив/ Арман Мухатов
Фото: BAQ.KZ - архив/ Арман Мухатов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Салық кодексіне қатысты жағымды жаңалық айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс барысында бірқатар маңызды ұсыныс енгіздік. Оның біразы бірден қолдау тапты. Ал кейбірі, жұмыс тобының сүзгісінен өтпей қалды. Бірақ бүгін басынан қорғап келе жатқан бірнеше ұсынысымыз бойынша нормаларды Сенат деңгейінде қабылдады, - деді ол.

Аймағамбетовтің сөзінше, Kaspi мен Halyk арқылы ақша аударымдарына ҚҚС салынбайтын болды.

Ең қызу талқыланған мәселелердің бірі – банк аударымдарына қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу болды. Біз бұл бастамаға басынан-ақ ашық қарсы болдық. Өйткені Kaspi немесе Halyk арқылы ақша аударсаң, мысалы, балаңа түскі асқа аударсаң, осы соммаға тағы 16% салық қосу деген ақылға қонбайды. Бұл адамдарға да, банктерге де ауыр соққы болар еді, - дейді депутат.

Айта кету керек, бұл мәселеде Ұлттық банк те нақты және берік ұстаным танытты.

Сондай-ақ инвестициядан түсетін дивидендтерге салық салмау мәселесі қаралды.

Келесі мәселе инвесторлардың дивидендтеріне ЖТС (жеке табыс салығы) салу туралы бастама. Бір жағынан, мемлекет халықты "IPO-ға қатысыңдар", "KEGOC", "Эйр Астана" сияқты компаниялардың акцияларын алыңыздар деп шақырып жатыр. Екінші жағынан – сол акциялардан түскен шағын табысты салыққа байлап қоймақ болды. Бұл қисынсыз. Біз қарсы болдық. Қазақстанда халықтың көбі инвестицияны әлі де жылжымайтын мүлік арқылы жасайды. Ал бүкіл әлемде бағалы қағаздарға инвестиция салу- қалыпты тәжірибе. Егер бұл норма өткенде, жаңа бастамасымен акция сатып алып жатқан адамдардың өзіне бұл кері әсерін тигізер еді. Енді бұл жеңілдік сақталады, - деп қоса кетті депутат.

Мәжіліс депутатының айтуынша, отандық баспа басылымдарына жеңілдік беру бастамасы алғашында қолдау таппағанымен, бірнеше рет қайталанған ұсыныстың нәтижесінде Сенат бұл ұсынысты қабылдады. Енді мектеп газеттерінен бастап, аудандық және республикалық басылымдарға дейін барлық баспа өнімдеріне қосылған құн салығы (ҚҚС) 10% мөлшерінде белгіленді. Бұл – баспагерлерге көрсетілген нақты көмек әрі салаға серпін беретін маңызды шешім.

Өзгелердің жаңалығы