Аймағамбетов: Бір сыныпта 40-45 баладан отырғызып, ақша үнемдеуге болмайды

12 Қазан 2021, 18:20
31470
Бөлісу:
Аймағамбетов: Бір сыныпта 40-45 баладан отырғызып, ақша үнемдеуге болмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов бір сыныпта 45 балаға дейін отыру мәселесін шешуді тапсырды.

Бір жарым айдай уақыт өтті. Бүгінгі күні ахуал тұрақты. Бірақ біз барлық қажетті санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтауымыз керек. Осы талаптарды сақтаудың арқасында жақсы көрсеткіштер болады. Бұл мәселені бақылауда ұстауымыз керек, - деп айтты министр.

Аймағамбетов аппарат жиналысында көтерілген мәселеге тоқталды.

Біз өткізген талдауға сәйкес жергілікті атқарушы органдар сынып жинақтарын оқу жылының басында жасағанда, 25 баладан асырып, ақшаны үнемдеу мақсатында жұмыс жүргізіп жатқандарына көзіміз жетіп отыр. Бұл дұрыс емес. Мұндай мәселеге жол бермеуіміз керек. Сапалы білім береміз десек, тиісті талаптарға сәйкес жұмыс жүргізілуі керек. Мәселелер бар екенін де түсінемін. Мысалы, үшауысымдық мектептердің мәселесі. Егер мектеп үшауысымды болып, балалары сыймай жатса, оны түсінуге болады. Бірақ оны тез арада шешу керек, - деп айтты ол.

Бас ұстаз егер тиісті инфрақұрылым бойынша ешқандай проблема болмай, тек ақшаны үнемдеу мақсатымен сыныптарды 40-45 балаға толтыруға жол беруге болмайтынын айтты.

Тағы бір мәрте тапсырма беремін. Барлық облыс, мектеп бойынша тиісті талдау жүргізіп, анықтау керек. Балаларды 40-45 адамнан отырғызып, ақша үнемдеуге болмайды. Бізге керегі - сапалы білім беру. 45 бала бір сыныпта отырса, онда ешқандай сапа болмайды. Ол - мұғалімге де үлкен жүктеме. Оны педагог болғаннан кейін өздеріңіз де білесіздер, - деп толықтырды Асхат Аймағамбетов жиналыста.

Министр әріптестеріне талдау жүргізіп, оны баяндауды тапсырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова шамамен 100-ден аса мектепте 27-ден 42-ге дейінгі бала отырғанын мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы