Әйелін өлтірді деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтің қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

11 Қаңтар 2024, 17:33
1117
Бөлісу:
Әйелін өлтірді деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтің қамауда ұстау мерзімі ұзартылды
Фото: facebook.com/Куандык Бишимбаев

Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтің қамауда ұстау мерзімі екі айға ұзартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Kazinform агенттігі мәлім етті.

2024 жылдың 9 қаңтарында Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын 2024 жылғы 9 наурызға дейін ұзартуды санкциялады, - делінген сот хабарламасында.

Ведомство ақпаратына сәйкес ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етілмейді.

Осы аптаның басында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық істің тергелуі аяқталғаны белгілі болды. 

Еске салсақ, 2023 жылғы 9 қарашада Астана қаласындағы мейрамханалардың бірінде дене жарақаттарынан әйел адамның қаза болғаны хабарланды. Кейіннен ол әйелдің ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтің әйелі екені анықталды. Бишімбаев әйелін мейрамханада соққыға жыққан көрінеді. Салдарынан Салтанат Нүкенова жедел жәрдем қызметі келіп жеткенше жан тәсілім еткен. Астана қалалық ПД мәліметінше, ҚР ҚК 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы