Қазір билік белгілі бір дәрежеде либерилизацияға барып жатқаны анық – Айдос Сарым

18 Мамыр 2019, 09:52
2982
Бөлісу:
Қазір билік белгілі бір дәрежеде либерилизацияға барып жатқаны анық – Айдос Сарым

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы сайлау дұрыс өтетін болса, оны шын мәнінде Қазақстанның қоғамы мойындаса онда бұл қоғамның, елдің бірлігін паш ете алатын жағдай. Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым Алматыда өткен сараптамалық отырыста айтты.


 
Оның айтуынша, биылғы сайлау өзгеше, өйткені 2005-2006 жылдан бері ешбір демократиялық күштердің, ұлттық күштердің өкілдері сайлауға жіберілген жоқ. 
 

 
«Қазір жағдай өзгеше, жеті кандидат ұсынылып отыр. Мұның өзі де - үлкен жаңалық. Бір әйел адам шығып жатыр, бұл да - Қазақстан тарихында болмаған жаңалық. Елдің болашағы тұрғысынан қарайтын болсақ, қыз-келіншектер үшін жақсы мүмкіндік», - дейді ол. 
 

 
Сонымен қатар айналамызда әртүрлі дәрежедегі оқиғалар болып жатқанын айта келе, біреулер Украинаны айтып Зеленскиймен салыстырып жатқанын, енді бірі Армениядағы Пошениянды мысал етіп жатқанын жеткізді.

 
«Жалпы либерилизацияның артықшылығымен қатар қауіп-қатерлері де болады. Мәселен елестетіп көріңізші, кішкентай қапырық бөлмеде отырсыз дейік, онда біреу темекі шегіп отыр, тағы біреуі тамақ пісіріп отыр, енді бірі қорылдап ұйықтап жатыр. Ішінде тыныс алу мүмкін болмай қалғанда біреу келді де кішкентай терезені ашып қалды, бәрі топырлап терезеге қарай жүгірді. Сондай эффект болмау керек», - дейді Айдос Сарым. 
 

 
Саясаттанушының пайымдауынша,  қазір билік белгілі бір дәрежеде либерилизацияға барып жатыр. Жұрт та, қоғам да биліктің пәрмені қашанға дейін жетеді екен, біздің еркіндігіміз қай жерге дейін барады екен деп тексергісі келеді. Екінші жағынан бұл жерде қауіп-қатерде бар көрінеді. 
 

 
«Мысалы, біреулердің сандырағына ілесіп, басқа да жағдайларға барып жатсақ бұл қиянатқа апара ма, апармай ма деген сұрақ туындайды. Бұл - биліктің өзіне де үлкен тіреу. Мысалы желтоқсан оқиғасы алайық. Кезінде Совет одағының билігі «бізде бетбұрыс басталды, жеңілдіктер болады» деді. Соған қазақ жастары шынымен иланды. Оның арты қанды оқиғаға алып келді.  Әбден қорқып, бұрынғы дәстүрден  шыға алмаған  режим айналып келіп оны қанға бөктірді. Бір жағынан осындай мәселелерден сақтануымыз керек. Сондықтан қандай шара болсын бәрін байыбымен, есімізді сақтай отырып, жан-жағымызға қарап өткізген дұрыс», - дейді ол. 
 

 
Сондай-ақ, ол 19 наурыз үлкен өзгерістерді алып келгенін, үміттер пайда болғанын айтты. 
 

 

«Ешкім ойламаған жерден биліктің транзиті басталып кетті. Бұл - биліктің транзиті. Сосын Nur Otan партиясының съезі өтті, билік өзінің кандидатурасын бірауыздан ұсынды, ешқандай талас болған жоқ. Яғни билік өзінің бір екенін дәлелдей алды. Енді 9 маусымнан күтетін мәселе өте көп. Ол кезде сайлау дұрыс өтетін болса, оны шын мәнінде Қазақстанның қоғамы мойындаса. Бұл бұрынғы сайлаудан өзгеше, расымен де өзгерістер болады екен деген пайым болса, сайлауға түскен кандидаттар «біз барынша жұмыс істедік, алған дауыс өзіміздікі, біздің дауыс  еш ұрланған жоқ» десе, билік бұрынғыдай 90% емес, өзінің көпшіл дауысына ие болып жатса, онда бұл қоғамның, елдің бірлігін паш ете алады», - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы