Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Автобус апаты: Автопарк аяғынан айырылған қызға өмір бойы төлем жасаудан бас тартты

12 Маусым 2025, 11:45
719
Бөлісу:

№1 автопарк жол апатында зардап шеккен Алуа Бекен есімді қыздың жағдайына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Автопарк өкілдері апатта зардап шеккен отбасыға қолдау заң аясында көрсетіліп жатқанын, алайда заңды негіздерсіз өмір бойы қаржылай қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айтты.

№1 Автобус паркі жол апатынан ауыр жарақат алған Алуа Бекеннің отбасына жан-жақты қолдау білдіреді. Біз отбасының жағдайына шын жүректен алаңдаймыз және алғашқы күннен бастап байланыстамыз. №1 Автобус паркінің басшысы М. Тұқпатов пен Алуаның туыстары арасындағы жеке кездесуде моральдық қолдау көрсетіліп, заң аясында көмектесуге дайын екеніміз айтылды. Алайда мемлекеттік кәсіпорын ретінде №1 Автобус паркі заңда бекітілген рәсімдерсіз өмір бойына қаржылық көмек көрсетуге уәкілетті емес екенін атап өтеміз, - деп жазылған автопарк хабарламасында. 

Бұған дейін Алуаның туыстары әлеуметтік желідегі қайырымдылық көмегін жинау парақшасында 11 маусым күні №1 автопарктың басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатовпен кездескенін жазған. Алуа мен Махаббаттың басқа да төрт баласының лайықты өмір сүруіне қажет барлық шығынды №1 автопарк өмір бойы өз мойнына алатынын кепілдегенін жариялаған еді. 

Еске салайық, Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.

2017 жылы туған қыз балаға алған жарақаттары салдарынан екі аяғына ампутация жасалды.

Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына пәтер берілетінін жеткізді.

Жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Екі аяғынан айырылған бүлдіршінге жәрдемақы тағайындалады.

Өзгелердің жаңалығы