Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Автобус апаты: Екі аяғынан айырылған бүлдіршінге жәрдемақы тағайындалады

10 Маусым 2025, 13:57
725
Бөлісу:
 Видеодан скриншот
Фото: Видеодан скриншот

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елордадағы автобус апатынан зардап шеккен жеті жастағы Алуа Бекенге мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.

Медициналық көмек көрсету мен оңалту бойынша қажетті процедуралар аяқталған соң балаға мүгедектік берілген кезде республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы белгіленеді, - деді вице министр.

Айтуынша, қыз баланың анасына да мүгедектігі бар бала күтімі бойынша жәрдемақы берілуге тиіс.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері вице-министрден тағайындалатын жәрдемақының нақты көлемі туралы сұрады. Виктория Шегай жәрдемақы шығынның бекітілген көлемі, еңбекке қабілеттілігі бойынша анықталатын жеке деңгейге қатысты беріледі деп түсіндірді.

Еске салайық, Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.

2017 жылы туған қыз балаға алған жарақаттары салдарынан екі аяғына ампутация жасалды.

Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына пәтер берілетінін жеткізді.

Еске салайық, жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы