Астаналық автопарк өкілдері Алуаның отбасына өмір бойы қолдау көрсетуге уәде берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласының №1 автопаркі автобуспен болған жол-көлік оқиғасынан кейін аяғынан айырылған Алуа мен оның отбасына өмір бойы лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету жауапкершілігін өз мойнына алатынын мәлімдеген.
Бұл туралы Алуаның туыстары әлеуметтік желідегі қайырымдылық көмегін жинау парақшасында жазды. Олардың айтуынша, 11 маусым күні №1 автопарктың басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатовпен кездесу өткен.
Болған оқиға үшін жауапкершілікті мойнына ала отырып, Алуа мен Махаббаттың басқа да төрт баласының лайықты өмір сүруіне қажет барлық шығынды №1 автопарк өмір бойы өз мойнына алатынын кепілдеді, — делінген хабарламада.
Қыздың отбасы заңгерлер мен экономистерді шақырып, инфляцияны ескере отырып, барлық қажетті шығындарды есептеп жатыр. Есептеулер аяқталғаннан кейін автопарк төлемдерді бастайтын ресми келісімшартқа қол қойылады.
Алуаның туыстары қолдау білдірген барлық қазақстандықтарға алғыс айтты.
Алуа үшін дұға етіп, біздің қайғымызбен бөліскен, сөзбен әрі іспен көмектескен әрбір адамға алғысымызды білдіреміз. Сіздердің арқаларыңызда біз жалғыз емес екенімізді сезіндік, - деп жазылған.
Келісімшарт жақын арада автопарк пен отбасы арасында рәсімделеді деп күтілуде.
Еске салайық, Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.
2017 жылы туған қыз балаға алған жарақаттары салдарынан екі аяғына ампутация жасалды.
Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына пәтер берілетінін жеткізді.
Жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Екі аяғынан айырылған бүлдіршінге жәрдемақы тағайындалады.