Ауылдың 5000 оқушысы еліміздің жетекші мектептерінде білім алу үшін сайысады

29 Сәуір 2021, 10:45
2667
Бөлісу:
Ауылдың 5000 оқушысы еліміздің жетекші мектептерінде білім алу үшін сайысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның ауыл мектептерінде білім алатын дарынды бес мың оқушының есімдері жарияланды.

Олар еліміздің жетекші мектептерінде және Елбасы Академиясының Вirge oqý онлайн мектебінде тегін оқу мүмкіндігі үшін таласады.

«Мың бала» олимпиадасының арқасында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры екінші жыл қатарынан ауыл мектептеріндегі ең қабілетті 5 және 6- сыныптың   оқушыларын анықтап келеді. Олимпиада жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде және Елбасы Академиясының Вirge oqý онлайн мектебінде оқуға мүмкіндік алады.

Елімізде алғаш рет ауыл мектептері үшін олимпиада онлайн форматта ұйымдастырылды. Тестілеу арнайы әзірленген платформада өтті. Біз  еліміздің көптеген ауылдарын қамтып, тестілеуге 100 мыңға жуық оқушы қатысты. Тесттер кеңістіктік және логикалық ойлау қабілеттерін бағалауға бағытталған. Олимпиаданың 5 мың финалисті арасында еліміз бойынша орташа балл 400 балдың 343-ін құрады. Ол ауыл оқушыларының ғылым, тіл және математиканы оқып-үйрену үшін жеткілікті әлеуеті бар екенін көрсетеді, - деп хабарлады «Елбасы Академиясы» КҚ басқарушы директоры Әнуар Жанғозин.

Ауылдың 5000 оқушысы еліміздің жетекші мектептерінде білім алу үшін сайысады

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ауыл жастарының дамуына ерекше көңіл бөледі және ол үшін барлық жағдайды жасап келеді. Мысалы, 2020 жылы біздің мектептің бір ғана қатысушысы финалға өтіп, Birge oqý онлайн мектебінде оқуға мүмкіндік алды. Биыл осындай 7 бала бар. Олардың барлығы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Республикалық физика-математика мектебінің оқытушыларынан қосымша білім ала алады. Біз өте қуаныштымыз,-деді Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының директоры Гүлхан Аманжолова.

Олимпиада финалисі, 6-сынып оқушысы Арнұр Мұқашев өз әсерімен бөлісті.

Мен олимпиада туралы мұғалімнен білген соң, қатысуға  шешім қабылдадым. Мектепте жақсы оқимын және болашақта үлкен жетістіктерге жеткім келеді - деді ол.

Естеріңізге салайық, олимпиада екі кезеңнен тұрады. I кезең 2-10 сәуір аралығында онлайн форматта өткізілді. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың II кезеңіне өтеді. Финалистер тізімімен сайтта танысуға болады.

II кезеңді 2021 жылғы 5 мамырда барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өңірлік тестілеу орталықтары базасында офлайн режимде ұйымдастыру жоспарланып отыр. Финалистер математикалық сауаттылық, қазақ тілінде білім алатын оқушыларға қазақ тілі, орыс тілінде білім алатын оқушыларға орыс тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану ғылымдары бойынша академиялық білімдерін бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді.

Өзгелердің жаңалығы