Ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы беру тәртібі әзірленді

25 Наурыз 2021, 11:03
3066
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы беру тәртібі әзірленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жерді пайдалану саласында атқарылған жұмыстар жайында баяндап берді.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстар арқылы беру тәртібін толыққанды регламенттеу әзірленді. Конкурстық комиссиялар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін олардың құрамына комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 50%-ын құрайтын қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдері заңдық тұрғыда енгізілген.

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді және ұтымды пайдалану үшін жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігі нақтыланды және күшейтілді. Осы арқылы учаскелерді жалдаудың бірыңғай үлгілік шарты заңнамалық түрде белгіленді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мониторинг жүргізу тәртібі заңнамалық түрде белгіленді. Мысалы, жерді жалға алудың алғашқы 5 жылында мониторинг жыл сайын жүргізілуі керек. Ал келесі кезеңдерде суармалы егістікте әр 3 жыл сайын, cуармалы емес жерлерде –  5 жыл сайын мониторинг жасалуы тиіс, - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, жергілікті халықтың қажеттілігін қанағаттандыру және жайылымдық жер беру мәселесін шешу үшін «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Оның аясында жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарды 2 жылда әзірлеп, бекіту көзделді. Бұл жоспарлар халықтың мал жаюын қамтамасыз ету үшін ұйымдасқан шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарды қайта бөлуге бағытталған. 

Жайылымдарды беруге және пайдалануға байланысты іс-шараларды атқарғанда жариялылықты қамтамасыз ету үшін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысуы заң жүзінде көзделді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті атқарушы органдардың жайылымдарды пайдалану жөніндегі жыл сайынғы есептерін тыңдайды және талқылайды, - деді Омаров отырыста.

Министр атап өткендей, жайылымдарды қайта бөлу туралы мәселені қарағанда жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарды іске асыруға қатысады, жайылым пайдаланушылармен, жайылым пайдаланушылар бірлестіктерімен жайылымдарды басқару және пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.

Бұл ретте 2015 жылдан бастап пайдаланылмайтын жерлердің анықталуын мемлекеттік бақылау функцияларын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады, - деп айтты ол.
Айта кетейік, министр 2019 жылы Жер кодексіне жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану бөлімінде Жер кодексіне өзгерістер енгізілгенін айтты.
Өзгелердің жаңалығы