Министр Жер кодексіне қандай өзгерістер енгізілгенін айтты

25 Наурыз 2021, 10:48
3215
Бөлісу:
Министр Жер кодексіне қандай өзгерістер енгізілгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жерді пайдалану саласында атқарылған жұмыстар жайында баяндап берді.

Мемлекеттік шекарадан арақашықтықты айқындай отырып, шекара маңындағы аймақта ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған азаматтарға беруге тыйым салынған. Халықтың жеке малын елді мекендер маңында күтіп-бағу мұқтаждықтары мемлекет мұқтаждықтары санатына  жатқызылды. Бұл оларды мәжбүрлеп алуға, алып қоюға жарнамалық негіз береді, - деді ол.

Министр атап өткендей, ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуын мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында 2019 жылы Жер кодексіне жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану бөлімінде Жер кодексіне өзгерістер енгізілді. 

Яғни пайдаланылмайтын жерлерді анықтау үшін енді жүйелі бақылау, жер бетіндегі түсірілімдердің, зерттеулердің және түгендеудің нәтижелерімен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін мониторингтеу үшін ақпарат көзі ретінде ғарыштық мониторинг нәтижелері де пайдаланылады. Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыда мәжбүрлеу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында Салық кодексіне пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің салық ставкасын 10-нан 20 есеге дейін еселеп арттыруды көздейтін түзетулер енгізіліп, қабылданды, - деп түсіндірді Сапархан Омаров.

Оның сөзінше, жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленді, онда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімдерін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту көзделген.

Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры шеңберінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Оның мақсаты – жер учаскелерін беру рәсімдерін біріздендіру, өтінімдерді қарау мерзімдері мен барысын бақылау, қағазсыз қызмет көрсету және жер комиссиясы институтын алып тастау, жер учаскесін бөлуді мемлекеттік органдармен және монополист ұйымдармен келісуді электрон форматында жүргізу, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы