Ауыл оқушыларының білімі қазақстандық кәсіпкерлердің ерекше назарында

9 Қараша 2023, 18:24
3730
Бөлісу:
Ауыл оқушыларының білімі қазақстандық кәсіпкерлердің ерекше назарында
Фото: IQanat

2023 жылы өзінің мерейтойлық жетінші жыл белесіне көтерілген IQanat олимпиадасы, Қазақстанның ауылдық аудандарынан рекордтық қатысушылар санын жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олимпиада жоба тарихындағы ең ауқымды асуды еңсере отырып, онлайн іріктеу кезеңінде ауылдардан 75 мыңнан астам 8-сынып оқушысы бақ сынады.

Іріктеу кезеңінен кейін Олимпиаданың бірінші кезеңі Қазақстанның әр ауданында офлайн сипатта өтті. Ауыл мектептерінің 8-сынып оқушылары екінші және соңғы кезеңдерге өту мүмкіндігі үшін жарысты. Астанаға ақтық кезеңге аттанатын мың дүлдүл IQanat қорының Олимпиададан кейінгі қолдаудың білім беру бағдарламасына енгізіледі және олардың жүзі IQanat мектебінде оқуға грант иегері болады.

Олимпиаданың бірінші турына бүкіл ел бойынша 3 974 мектептен барлығы 48 мың ауыл оқушысы қатысты. Іс-шара бір уақытта Қазақстанның 220 жерінде өтті. IQanat олимпиадасы аясында ауыл оқушылары үшін жас ұрпақтың тәжірибесі мен білімін байытқан жүздеген жігерлендіруші дәрістер өтті.

Олимпиадаға қатысушылардың әлеуметтік мәртебесі әртүрлі екенін атап өткен жөн:

көпбалалы отбасылар - 59,2%;

толық емес отбасылар - 12,1%;

мүгедектігі бар ата-аналар - 3,1%;

жұмыссыз ата-аналар - 22,8%;

білімі жоқ ата-аналар - 26,7%.

Ауылдық жерлерден келген оқушылар болашақ мамандықты таңдауда санқилы қызығушылық танытты:

23,1% дәрігер болғысы келеді;

19,5% мұғалім болуды армандайды;

12,8% агроном мамандығын таңдамақ;

8,6% өздерін спортшы ретінде көреді;

8,6% бағдарламашы болуға ұмтылады;

27,4% басқа мамандықтарды құп көруде.

Олимпиаданың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін, 2023 жылғы 8 қарашада Астанада IQanat Community Forum өтіп, онда белгілі қазақстандық кәсіпкерлер, IQanat білім беру бағдарламаларының мұғалімдері мен түлектері, оқушылар және түрлі салалардың сарапшылары жиналды. Тиісті іс-шара үздік тәжірибелерді кеңінен тарату, түлектер қауымдастығын дамыту, кәсіпкерлік бойынша оқыту бағдарламаларын енгізу және IQanat қорының бағдарламаларын қамту өрісін ұзарту мәселелерін талқылауға септігін тигізді.

IQanat - қазақстандық кәсіпкерлердің білім беру жобасы. Қазіргі уақытта еліміздің 143 кәсіпкері жобаны белсенді қолдап, оған өсу мен даму үшін берік негіз қалауда. IQanat жобасы ауылдағы жас ұрпаққа сапалы білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлердің біртұтас қоғамдастыққа қалай біріге алатынын көрсетті.

Қор бағдарламаларының арқасында ондаған мың оқушы қосымша білім игеріп, ерік-жігері артты. Ал жүздеген оқушы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсіп келеді. IQanat түлектері қазіргі кезде әлемнің 15 елінде білім алуда: АҚШ, Канада, Литва, Италия, Польша, Гонконг және т.б. 2017 жылдан бастап олимпиада 190 мыңнан астам ауыл оқушысын қамтыды. Қордың қызметі туралы толық ақпаратты @iqanatkz Instagram аккаунтынан алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы