Ауыл мен аудан мектептерін дәстүрлі оқытуға шығаруымыз керек – Бақтиярұлы

29 Желтоқсан 2020, 12:06
2371
Бөлісу:
Ауыл мен аудан мектептерін дәстүрлі оқытуға шығаруымыз керек – Бақтиярұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Сенатының комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы айтты.

Талқыға түсіп отырған заң жобасында еліміздегі білім беру саласын жақсартуға негіз болатын көптеген өзгеріс пен толықтырулар енгізілген. Айта кету керек, сенатор Бақытжан Тұрсынұлы бастамашыл топтың мүшесі ретінде осы заң Мәжіліске түскеннен бастап, ондағы әріптестермен бірге барлық жұмыс топтарына белсенді қатысып, көптеген түзету мен толықтырулар енгізуге мұрындық болды. Сонымен бірге Үкіметтің, министірліктің назарын білім беру саласына қатысты шешімін таппай жатқан төмендегі мәселелерге аударсам деймін. Өйткені, білім саласын дамыту тек бір ғана министрліктің міндеті емес, ол мемлекет пен ұлт үшін маңызы зор өзекті мәселе, - деп атап өтті ол.

Комитет төрағасы еліміздегі білім беру жүйесі үздіксіз реформаланып, түрлі тәжірибелер көп жүргізіліп келе жатқан салалардың бірі екенін айтты.

Күні бүгінге дейін жүргізіліп келе жатқан толассыз реформалар отандық білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтере алды ма? Барлық мектептерімізде кезінде біздің ұрпақтың түсіне де кірмеген компьютерлер мен интерактивті тақталармен жабдықталғанымен ұрпақтарымыздың білім деңгейлері өсті ме? Бұл сауалдар негізсіз емес. БҰҰ-ң жоғары білікті мамандары мен сарапшылары жариялаған «Жаһандық баяндамасында»  балаларды орта біліммен қамту бойынша Қазақстан әлемдегі 142 мемлекеттің арасында 18-ші орынды иеленгенімен, ал білімнің сапалық деңгейі бойынша 101-ші орынды тұр. Бұл төмен көрсеткіштердің бірі, - деді ол.

Мұрат Бақтиярұлы 2015-2020 жылдар аралығында үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы жасалынғанын алға тартты. 

Оған бюджеттен 13 млд теңгеден астам қаржы бөлініп, 16 588 мектеп мұғалімдері ағылшын тілін меңгерді деген сертификат алды. Алайда, осынша қыруар қаржы бөлінгенімен 2019 жылы ағылшын тілін меңгеруге қатысты халықаралық рейтингіде Қазақстан 100 елдің арасында 93 орын алды. Бізден кейін, Камбоджа, Ирак, Ливия сияқты елдер тұр. Мұны қалай түсінуге болады? – деп айтты ол Сенат отырысында.
Евразиялық экономикалық комиссияның «Білім-санмен, ЕАЭО – статистикасы» деген 2019 жылғы қорытындысында студенттердің «экспорты» саны бойынша Қазақстан 67% алған. Бұл Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусьтің жалпы есебінен жоғары. Неге бұлай болды? Сұрақ көп, жауап жоқ. Мұның себебін сараптап жатқан мамандар жоқ. Демек, елдің білім саласын жүйесіздікке алып келетін, қарама-қайшы реттеушілік нормалар қабылданады, ешкім жауапкершілік алмайды және біздің балаларымыздың біліміне жауап бермейді. Білім және ғылым саласын реттейтін заңнан туындайтын нормативтік құқықтық актілердің өте көп екендігі сыбайлас жемқорлық тудыруға негіз болуда. Мысалы, Білім және Ғылым министрлігінің құзіретіне жалпыға ортақ мемлекеттік білім беру стандартын жасаумен қатар, оны жасаудың тәртібін белгілеу де кіреді, - деп айтты Комитет төрағасы.

Сонымен қатар, ол қашықтан оқытуға қатысты пікірімен бөлісті.

Әлемдік пандемия білім саласына үлкен соққы әкелуде. Басқа мемлекеттерге Ресей, Қытай, Германия, Англия т.б. қарасақ оқу орындарында негізінен дәстүрлі білім жолымен оқып жатыр. Мысалы, Байқоңыр қаласында Ресей құзыретіне қарайтын жеті мектептің барлық сынып оқушылары толыққанды дәстүрлі түрде оқып жатса, ал Қазақстандық мектептердің оқушылары қашықтықтан оқып жатыр. Мұны қалай түсінуге болады?  Екі тоқсан бойы жарытып білім алмаған балалардың әсіресе ауылдық мектептердегі оқушылардың білімін толық қалпына келтіру қиынға соғып, білім сапасын бірнеше жылдар кейінге шегеретіні сөзсіз. Сондықтан да еліміздегі барлық ауылдар мен аудандардағы мектептерде оқушыларды дәстүрлі оқытуға шығаруымыз керек, - деп жеткізді ол.

Сондай-ақ, Сенат отырысында ЖОО-лардың ректорлары туралы да сөз қозғады.

Елімізде ондаған жылдар бойы тапжылмай ректорлық қызмет атқарып келе жатқандар бар. Нарық заманында бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Ректорларды ЖОО-на тағайындағанда кемінде төрт жылға тағайындап және ол екі мерзімнен артық ректор лауазымында қызмет атқара алмайтындай қағидат енгізуіміз керек. Менім пікірімше Ұлттық ЖОО-н басқа барлық өңірдің әлеуметтік-экономикасына мамандар даярлайтын өңірлік ЖОО-н «Қамқоршылар Кеңесіне» сүйеніп басқару арқылы орталықсыздандыру дұрыс деп есептеймін, - деп ұсынды Бақтиярұлы.

Ол Білім министрлігіндегідей жүктеме басқа министрліктерде жоқ екенін айтты.

Білім және Ғылым министрлігі үздіксіз білім білім беру жүйесінің, бала-бақшадан бастап жоғарғы білімнен кейінгі білімге дейінгі, барлық проблемалармен шұғылданады. Бұл өте үлкен жүктеме. Ол еліміздің халқының жартысын қамтиды. Мұндай жүктеме басқа бірде-бір министрлікте жоқ. Сондықтан да мектепте білім беру жүйесін оңтайлы басқару тиімділігін қамтамасыз ету үшін Білім және Ғылым министрлігі базасында штат санын көбейтпей екі министрлік: Білім министрлігі мен Жоғары білім және Ғылым министрлігін құру пісіп жетілді деп ойлаймын, - деп қорытындылады Мұрат Бақтиярұлы.

Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының отырысында  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қабылданды.



Өзгелердің жаңалығы