«Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 86 елді мекенде құрылыс қарқыны артты

22 Қараша 2021, 22:08
1111
Бөлісу:
«Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 86 елді мекенде құрылыс қарқыны артты

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы бойынша 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 302 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 16,1 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нәтижесінде өңірде қосымша 8 мектеп салынып, 10 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бір дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, 4 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеумен қамтылуда. Сонымен бірге 2 спорт нысаны, 2 мәдениет нысаны, 15 табиғи газбен қамтамасыз ету және 13 электр қуатымен жабдықтау нысаны да жоспарға сай салынып жатыр. 

300-ге жуық ішкі көшелерге орташа жөндеу жүргізілуде. Бұл жайлы бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында баяндалды.«Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асыру барысы тұрақты бақылауда. Өз сөзінде Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек жобаларды іске асыру барысында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын атап өтті.

Жыл соңына дейін 291 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса, 25 нысан келер жылға өтпелі. Бүгінгі таңда 209 нысанның жұмыстары аяқталып, пайдалануға қабылданды. Оның ішінде 4 мектеп, 3 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден, 201 көше орташа жөндеуден өтті, және 1 электрмен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталды.

Қалған нысандар кестеге сәйкес жыл соңына дейін тапсырылады. Нәтижесінде жыл қорытындысымен 86 елді мекенге жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. 10 елді мекендегі мектеп және 4 елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдары күрделі жөндеуден өтіп, бір елді мекенде жаңадан 75 орындық дәрігерлік амбулатория, 1 елді мекенде спорт кешені және 2 елді мекенге мәдениет нысандары бой көтерді. 10 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 9 елді мекенге жаңа электр жүйелері тартылады. 49 елді мекенде ұзындығы 390 шақырым 255 көше орташа жөндеуден өтеді.

Өңір басшысы жауапты өкілдерге аталған нысандарды сапалы әрі уақтылы тапсыруды, ауылдың еңсесін тіктейтін жобаларға жауапкершілікпен қарауды жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы