Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «KAZAKHSTAN Ұлттық қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Нүрия Балтабайқызы «ерекше» қажеттілігі бар балаларды бейімдеу мақсатында ведомствоаралық жұмысты нығайтуды ұсынды.
Өзім де аутизм диагнозы қойылған баланың анасымен. Сондықтан 2018 жылдан бері алғаш рет еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналардың басын қосып, осындай ұлттық қауымдастық ретінде жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт аралығында өз мүмкіндігіміз жеткен жұмыстарды атқарудамыз. Мемлекеттік органдармен, депутаттармен тығыз байланыстамыз, - деді ол.
Нүрия Балтабайқызы қауымдастық аясында карантинге дейін дөңгелек үстелдер, конференциялар ұйымдастырылғанын айтты.
Шетелдік мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Былтыр желтоқсанда Түркі тілдес мемлекеттердің аутизм ферерациясымен меморандумға қол қойдық. Сондай-ақ министрлікпен бірге осы мәселе бойынша біраз жұмыс атқарылып келеді, - деп айтты маман.
Осы ретте маман бірнеше мәселеге назар аудару қажеттігіне тоқталды. Әлемде осындай диагнозы бар балалар саны көбейіп келе жатқандығы туралы БҰҰ дабыл қағуда.
Өзім де осындай баланың анасы болғандықтан, басымыздан көп қиындық та өтті. Дегенмен біздің қазіргі қоғамда осы мәселе бойынша ақпараттық жұмыстар жеткізілсіз. Мысалы егер ата-аналар 2-3 жастағы баланың сөйлемей, ойыншықтармен ойнамай, тағы басқа да ерекшеліктерін байқаған жағдайда қайда баратындарын білмейді. Мұның себебі – мамандандырылған ақпараттық жүйенің жоқтығы. Бұл – бір, - деп атады ол.
Көп ата-ана ақпаратты өз беттерінше интернеттен іздеп, басқа да ата-аналардың көмегіне жүгініп жататын кездері болады.
Екіншіден, мамандардың тапшылығы. Қазіргі кезде мамандарды даярлау саласында айтарлықтай көп жұмыс атқарылып жатыр. Келешекте мамандар тапшылығы азаюына көп септігі тиеді деп сенеміз, - деп түсіндірді үкіметтік емес ұйымның өкілі конференцияда.
Үшіншіден, аутизмі, мүгедектігі, «ерекше» қажеттілігі бар балаларды бейімдеу мақсатында ведомствоаралық жұмысты нығайту керек.
Білім және ғылым министрлігінің тарапынан атқаралып жатқан жұмыстар бар. Десек те, Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да министрліктер атсалысып, бірге жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана оң нәтижелер болады, - деп атады Нүрия Балтабайқызы.
Еске сала кетейік, 2 сәуір - Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні.
Оқи отырыңыз: