Аутист балалар қалай емделеді?

14 Сәуір 2023, 16:30
3779
Бөлісу:
Аутист балалар қалай емделеді?
Фото: turkystan.kz

Өңірде ақыл-ой кемістігі, аутизм дертіне шалдыққан балаларға қалай көмек көрсетіледі? Емдеу әдістері қандай? Бұл туралы психикалық денсаулық орталығының мамандары айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыс орталығындағы психикалық денсаулық орталығының меңгерушісі Татьяна Гостеваның айтуынша, 20 төсектік бөлімшеде бос орын жоқ.

Мұнда облыстың түкпір-түкпірінен түрлі дәрежедегі психикалық ауытқулары бар балалар емделеді. Пациенттермен психиатр-дәрігерлер, педагогтар, психологтар жұмыс істейді. Диагноз қою, терапияны таңдау, мүгедектік тағайындау және әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемақыларды рәсімдеуден бастап тұрақты амбулаториялық бақылауға дейінгі көмек көрсетіледі. Яғни, ауруханадан шыққаннан кейін де бала учаскелік психиатрдың бақылауында болады.

Негізінен, үш жастан бастап түрлі психикалық және мінез-құлық бұзылыстар – ақыл-ой кемістігі, аутизм, шизофрениялық аурулары бар балалар ем қабылдайды.

Психикалық денсаулық орталығының амбулаториялық қызмет жетекшісі Инга Мельниктің айтуынша, жеңіл, орташа, ауыр дәрежедегі психикалық дамуы тежелген балалар психиатрдың есебінде тұр.

Аурудың себептері әр түрлі. Мысалы, нәресте жатырда, босану кезінде немесе өмірінің алғашқы үш жылында сырттан қандай да бір зиян тиген жағдайда интеллекттің дамуын тежейді. Бұл ауыр соматикалық аурулар болуы мүмкін, инфекциялар, соның ішінде жатырішілік инфекциялар немесе дер кезінде емделмеген эпилепсия, ми жарақаты, нейроинфекциялар – менингит, энцефалит. Церебральды сал ауруына шалдыққан балалар әдетте интеллектінің бұзылуынан зардап шегеді. Екінші орында аутизммен бірге дамудың кешігуі бар, біз оларды бір топқа бөлеміз. Үшінші орында балалық шаққа тән мінез-құлық пен эмоциялардың бұзылуы тұр, – дейді дәрігер.

Өңірде аутизммен ауыратын балалар саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, өткен жылдың басында Ақмола облысында осындай диагнозы бар 239 бала есепте тұрса, биыл – 336-ға жеткен. Мұның себебін дәрігерлер нақты айта алмайды.

Көкшетауда аутизмнің өсуі туралы біз екі жыл бұрын, штатта балалар психиатры болған кезде айта бастадық. Бұған дейін бізде мұндай маман болған емес. Яғни анықталу деңгейі артты. Жалпы, аутизммен ауыратын балалар бізге бірден келмейді. Ата-аналар дамудың кейбір ерекшеліктерін ескертуі мүмкін, олар алдымен педиатрлар мен невропатологтарға тексеріледі. Психолог, дефектологтармен жұмыс жоспарланады. Баланың жағдайы жақсармаған жағдайда ғана психиатрға жүгінеді, – дейді Инга Мельник.

Ол атап өткендей, аутизм дәрі-дәрмекпен емдеуді қажет етпейді.

Егер бала өзін тістеп, басын ұратын және басқа да агрессия немесе аутоагрессия сияқты белгілер болған жағдайда ғана мінез-құлықтың бұзылуын түзететін препаратты таңдай аламыз. Аутисттермен негізгі жұмыс – қолданбалы әдістер, АВА терапиясы және басқалар. Яғни, балаларға қоршаған ортаға барынша бейімделуге көмектесу, – дейді дәрігер.

Диспансерлік науқастардың арасында созылмалы шизофрения аурулары бар балалар да бар. Олар бөлімшеде емделеді.

Егер аутизмге тән ерекшеліктерді ата-аналар екі жастан бастап байқаса, шизофрения белгілері әлдеқайда кеш білінеді. Ең ерте – жасөспірім кезінде, гормоналды фон өзгерген кезде байқалады. Бұл жүре пайда болатын ауру емес, көбіне тұқым қуалайды. Сонымен қатар, ауру бірнеше ұрпақтан кейін пайда болуы мүмкін. Адамдар өздерінің тұқым қуалаушылықтарын сирек қадағалайды, – деп түсіндірді Татьяна Павловна.

Егер белгілер айқын байқалмаса және өміріне еш кедергі келтірмесе, кей науқастар психиатрдың есебінде болмауы да мүмкін. Тәуекел тобында психобелсенді препараттарды қолданатын ата-аналар да бар.

Жүкті әйелдің жатырындағы инфекциялар, стресс, және созылмалы аурулардың да әсері болуы мүмкін. Мысалы, артериялық гипертензия, анемия, қант диабеті, бүйрек проблемалары өте сирек кездеседі, тұқым қуалаушылық бірінші орында, – деп атап өтті бөлім меңгерушісі.

Психоздың белгілері – галлюцинация, сандырақ идеялар, депрессия, мінез-құлық бұзылыстары болуы мүмкін.

Ауру өршіген сайын сапалы, көп компонентті терапия қажет. Бірақ дәрі- дәрмектен бөлек психологтың, мұғалімдердің көмегі де өте маңызды, - дейді Татьяна Гостева.

Ата-аналар психологтардан депрессия туралы жиі сұрайды. Дені сау балаларда күйзеліс болмайды.

Депрессия – бұл синдром, ол әдетте негізгі аурумен бірге жүреді. Мысалы, ақыл-ой кемістігі. Бірақ бұл сирек кездеседі. Балада галлюцинация немесе сандырақ сияқты айқын көріністер байқалмаса да депрессия болу мүмкін, - дейді ол.

Депрессия белгілері – мазасыздық, қорқыныш. Көбінесе суицидтік көңіл-күймен және аутоагрессияның көріністерімен бірге жүреді.

Сондықтан барлық ата-аналарға баланың әсіресе жасөспірім шақтағы іс-әрекетіне мән беріңіздер дер едім. Балалар қатыгез, мектепте буллинг құрбаны болуы мүмкін. Егер психикалық бұзылуларға бейімділік болса, онда бұл агрессия, аутоагрессия, суицидтік жағдайлармен көрініс беруі мүмкін, – деп кеңес береді психиатр.

Дәрігерлер кішкентай пациенттермен ғана емес, олардың ата-аналарымен де жұмыс істейді. Аудандарда психикалық денсаулық кабинеттері ашылған.

Психиатриялық қызметте кадрлық проблема әлі де өткір күйінде қалып отыр. Біріншіден, білікті психологтар жетіспейді, тіпті саусақпен санарлық. Бізде негізінен педагог-психологтар ғана бар. Балалардағы әлеуметтік бейімделудің бұзылуы сияқты күрделі мәселелермен жұмыс істей алатын жоғары білікті мамандарды күтеміз. Әзірге бізде психологтар негізінен диагностикалық көмек көрсетеді. Жұмыс топтық психотерапия түрінде де жүргізілуі тиіс. Ал бізде психотерапевт жоқ, көп мәселелерді психотерапия арқылы шешуге болады, – деп атап өтті Инга Мельник.

Пациенттер барлық қажетті дәрі-дәрмектерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жеңілдікпен алады. Соңғы он жылда инъекция түріндегі дәрі-дәрмектер қолданыла бастады. Мамандардың айтуынша, олар ұзақ әсер етеді, таблеткаларды үнемі қабылдамау үшін екі аптада немесе айына бір рет инъекция жеткілікті.

Өзгелердің жаңалығы