Атыраудың ауасын не ластап жатыр: Тұрғындар шағымынан кейінгі тексеру нені көрсетті?

17 Қыркүйек 2026, 17:11
АВТОР
 әлеуметтік желіден 17 Қыркүйек 2026, 17:11
17 Қыркүйек 2026, 17:11
234
Фото: әлеуметтік желіден

Қыркүйек басталғалы Атырау тұрғындары қаланы жайлаған өткір иіске бірнеше рет шағымданды. Алдымен бұл мәселе Threads пен басқа да әлеуметтік желілерде көтерілді. Кейін тұрғындар «109» қызметіне хабарласа бастаған. Жауапты органдар жүргізген алғашқы зерттеулер ауадан шекті мөлшерден асқан ластаушы заттарды анықтамады. Алайда түнде алынған сынамалардың нәтижесі жағдайдың басқаша екенін көрсеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау облысы әкімдігінің редакция сауалына берген жауабына сәйкес, 5-7 қыркүйек аралығында қаланың бірнеше бөлігінен алынған ауа сынамаларынан изопропилбензол, диэтилбензол және көміртек оксидінің мөлшері гигиеналық нормативтен бірнеше есе жоғары екені анықталған.

Осыдан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты кешенді тексеру жүргізу мәселесі көтерілді.

Бәрі әлеуметтік желідегі шағымдардан басталды

Қыркүйектің алғашқы аптасында Атырау тұрғындары әлеуметтік желілерде ауа сапасының нашарлағанын жаза бастады. Олардың айтуынша, жағымсыз иіс түнде және таңға жуық қатты сезілген.

Желі қолданушылары қаланы тұманға ұқсас бозғылт қабат басқанын көрсететін фото-видеолар да жариялады. Кейбір аудандарда күйік иісі сезілсе, енді бір бөліктерде мұнай өнімдеріне немесе химиялық заттарға ұқсас иіс тараған.

Шағымдар қаланың бір ғана ауданынан түскен жоқ. Ақшағала, Жилгородок, Нұрсая, Авангард, Химпоселок және Привокзальный ықшамаудандарының тұрғындары да осы мәселені көтерді.

5 қыркүйекте ауа сапасына қатысты шағымдар «109» қызметіне түскен. Осыдан кейін жауапты мамандар қаланың бірнеше нүктесінен ауа сынамаларын ала бастады.

Алғашқы тексеру не көрсетті?

Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, жоспарлы мониторинг тұрғындардың жаппай шағымынан бұрын жүргізілген.

1-2 қыркүйекте Өркен, Балықшы, Нұрсая және Самал ықшамаудандарындағы ауа сапасы тексерілді. Мониторинг Н. Хабиев көшесі, Елорда даңғылы, 9а және Кекілбаев көшесі, 7а мекенжайларының маңын да қамтыған.

«Ұлттық сараптама орталығының» мамандары барлығы 108 сынама алды. Зерттеу қорытындысы сол күндері тексерілген ластаушы заттардың мөлшері белгіленген шектен аспағанын көрсетті.

Алайда бірнеше күннен кейін қалада жағымсыз иіс қайта сезілді.

Тұрғындардың шағымынан кейін 126 сынама алынды

5 қыркүйекте «109» қызметіне түскен шағымдардан соң тексеру аумағы кеңейтілді.

Ауа сынамалры №23 бақылау бекетінен, Химпоселоктағы Қабдолов пен Ақын Сара көшелерінің қиылысынан, №109 «Восток» бекетінен, Жеңіс саябағының маңынан және «Самал» бақылау бекетінен алынған.

Сонымен қатар мамандар Азаттық көшесі, 169 мекенжайындағы «Сауда базасы» аумағын, Нұрсая ықшамауданын, №13 «Ақшағала» бекетін, Атырау мұнай өңдеу зауытының санитариялық қорғау аймағынан тыс аумақты және зауытқа тиесілі №2 «Пропарка» бекетінің маңын тексерген.

Бұл жолы күкіртсутегі, күкірт диоксиді, көмірсутектер мен көміртек оксидінің мөлшері зерттелді. Барлығы 126 ауа сынамасы алынды.

Әкімдік ұсынған ақпаратқа сүйенсек, осы зерттеу кезінде ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асуы анықталмаған. Сол уақытта жел оңтүстіктен соққан.

Дегенмен түнгі мониторингтің қорытындысы басқа нәтиже көрсетті.

Түнде зиянды заттардың мөлшері бірнеше есе артқан

5 қыркүйектен 6 қыркүйекке және 6 қыркүйектен 7 қыркүйекке қараған түндері мамандар қайтадан ауа сынамалары алынған. Мониторинг «Восток» ауа сапасын бақылау станциясының маңында, Химпоселок пен Привокзальный ықшамаудандарында және Атырау мұнай өңдеу зауытына жақын орналасқан тұрғын аймақтарда жүргізілген.

Зерттеу нәтижесінде ауадағы изопропилбензол, диэтилбензол және көміртек оксидінің мөлшері гигиеналық нормативтен бірнеше есе асып кеткені анықталды.

Бұл уақытта жел оңтүстік және оңтүстік-батыс бағыттан соққан. Әкімдік жауабында осы бағытта Атырау мұнай өңдеу зауыты орналасқаны айтылған.

Алайда желдің бағыты мен зауыттың орналасуы кәсіпорынды бірден ластанудың нақты көзі деп тануға негіз болмайды. Ол үшін кәсіпорынның шығарындылары, технологиялық процестері, автоматты мониторинг жүйесінің көрсеткіштері және әр нүктеден алынған сынамалар толық зерттелуге тиіс.

Неліктен күндізгі және түнгі көрсеткіштер сәйкес келмеді?

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Атыраудағы ауа сапасына ауа райының да әсер ететінін мәлімдеді.

Жел әлсіз болғанда, әсіресе түнгі уақытта, ластаушы заттар ауада ұзақ сақталып, жерге жақын қабатта жиналуы мүмкін. Ал жел күшейген кезде олар жан-жаққа тарайды. Сондықтан әр уақытта алынған сынамалардың нәтижесі бірдей болмауы ықтимал.

Демек, күндізгі сынамалардан шекті мөлшерден асу дерегінің анықталмауы қала ауасында проблема жоқ деген сөз емес. Түнгі мониторинг қорытындысы мұндай бақылауды тәуліктің әр уақытында жүргізу қажеттігін көрсетті.

Министрлік қандай нысандарды атады?

Экология және табиғи ресурстар министрлігі 16 қыркүйекте Атырау қаласындағы ауа сапасына қатысты мәлімдеме жариялады.

Министрліктің мәліметінше, қыркүйектің бірінші және екінші онкүндігінде қаланың кейбір бақылау бекеттерінде ластаушы заттардың жоғары концентрациясы тіркелген.

Ведомство Атыраудың кейінгі бірнеше жыл бойы ауасы ластанған қалалардың қатарында тұрғанын атап өтті. Қала үшін ең өзекті мәселелердің бірі – күкіртсутегі.

Атырау қаласындағы ауаның күкіртті сутегімен (H₂S) ластануының жоғары деңгейі факторлардың жиынтығына байланысты. «Атырау облысы Су Арнасы» КМК кәріз объектілері, «Квадрат» булану алаңы, жылыту қазандықтары мен ЖЭО негізгі көздері болып табылады. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қосымша әсер етеді – желдің аздығы, түнгі уақыт және ластаушы заттардың таралу жылдамдығының төмендігі, - деді ведомство.

Сондықтан қаладағы жағымсыз иісті әзірге бір ғана кәсіпорынмен байланыстыруға болмайды. Ауа сапасына өндірістік нысандармен қатар коммуналдық шаруашылық объектілері де әсер етуі мүмкін.

Атырау мұнай өңдеу зауыты тексеріле ме?

Атырау облысы әкімдігінің хабарлауынша, облыс әкімінің тапсырмасымен Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты кешенді тексеру тағайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тексеруге тәуелсіз сарапшыларды тарту жоспарланған. Кәсіпорынның шығарындылары, жабдықтарының жағдайы және экологиялық талаптарды сақтау деңгейі осы тексеру аясында қаралуы мүмкін.

Экология министрлігі де 8 қыркүйекте Атыраудағы ауа сапасына байланысты жоспардан тыс тексеру басталғанын хабарлаған.

Алайда тексеру аяқталып, ресми қорытынды жарияланбайынша, ауаны нақты қай нысан ластағанын айтуға ерте. Егер экологиялық талаптардың бұзылғаны анықталса, кінәлі кәсіпорынға заң аясында шара қолданылуға тиіс.

Негізгі сұрақ әлі ашық

Атырауда ауа сапасына қатысты мәселе бар екенін  тұрғындардың шағымдары ғана емес, түнгі мониторингтің нәтижелері де растады.Дегенмен изопропилбензол, диэтилбензол және көміртек оксидінің нақты қай нысаннан тарағаны әзірге белгісіз.

Тұрғындар үшін тексерудің басталғаны туралы хабарламадан гөрі оның нақты қорытындысы маңызды. Қоғамға ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден қанша есе асқаны, оған қай нысанның жауапты екені және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қандай шара қабылданатыны ашық айтылуға тиіс.

Әзірге облыс әкімдігі Атырауда атмосфералық ауаға мониторинг жалғасатынын мәлімдеді. Ал тұрғындар жыл сайын қайталанатын жағымсыз иіс мәселесінің кезекті тексерумен шектелмей, нақты шешімін тапқанын күтеді.

Наверх