Атыраудағы Тендік станциясында жолаушылар пойыздарының қозғалысы қалпына келтірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тендік станциясында жүк көлігі мен жүк пойызының соқтығысуынан кейін жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталып, сағат 22:14-тен бастап жолаушылар пойыздарының қозғалысы қайта жанданды.
Қалпына келтіру барысында рельстен шыққан локомотив пен вагондар орнына қойылып, 200 метр зақымдалған теміржол учаскесінде жер қазу жұмыстары жүргізіліп, жаңа рельс-шпал құрылымы салынды. Апаттың салдарын жоюға 167 теміржолшы, екі қалпына келтіру пойызы және алты бірлік арнайы техника жұмылдырылды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп, кешіктірілген пойыз жолаушыларына Қаработан станциясынан Атырауға дейін автобуспен тасымалдау ұйымдастырылды. Жолаушыларға ыстық тамақ ұсынылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаның себебі – жүк көлігінің жүргізушісі теміржол өткелінен өту ережелерін бұзғаны.