Атырауда жол апатынан 4 адам көз жұмды

18 Маусым 2023, 02:22
728
Бөлісу:
Атырауда жол апатынан 4 адам көз жұмды
Фото: Артём Чурсинов Архив BAQ.KZ

Атырауда жол апатынан 3 адам оқиға орнында, тағы 1-еуі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 17 маусымда болған.

Жергілікті уақытпен сағат 16:15 шамасында республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолының 10-шақырымы тұсында Lada Priora және Toyota Camry автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Lada Priora автокөлігі отқа оранды. Көлікті тізгіндеген 1992 жылғы жүргізуші мен 22 жастағы жолаушы, Camry автокөлігінде отырған 1972 жылғы жолаушы оқиға орнында мерт болды. Toyota Camry көлігінің рөлінде болған 42 жастағы жүргізуші дене жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Toyota Camry көлігінің 2 жолаушысы түрлі дене жарақатымен Мақат аудандық ауруханаға жеткізілді.

Патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары, полиция капитаны Алмас Закариевтің айтуынша, облыс аумағымен өтетін тас жолдарда көлік ағыны көбейген.

Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күн сайын жүргізушілерге жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Көлік ағынының артуына байланысты жолда жүру ережесін, жылдамдық режимін қатаң сақтауды ескертеміз, - деп хабарлады Алмас Закариев.

Өзгелердің жаңалығы