Атырау облысында мониторингтік топтың жұмысы күшейтілді 

24 Қараша 2020, 11:24
1391
Бөлісу:
Атырау облысында мониторингтік топтың жұмысы күшейтілді 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы мониторингтік топтың жұмысын жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі. 


COVID-19 ауруының таралуын болдырмау мақсатында құрылған мониторингтік топтың жұмысын талдау мақсатында өткізілген жиынға тиісті мекеме басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты. 
Қазір әлемде болып жатқан жағдайды көріп отырсыздар, кейбір елдердегі ахуал күрделі. Тіпті бірқатар облыстағы  жағдайды да көріп отырмыз. Сондықтан  кез-келген уақытта дайын болуымыз керек. Қауіптің алдын алу үшін мониторингтік топтар әсіресе, демалыс күндері жұмыстарын күшейтсін. Халыққа түсіндіру, ескерту жұмыстарын да жандандарыңыздар,- деді Махамбет Досмұхамбетов. 

Жиын барысында денсаулық сақтау, полиция, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және қала, аудан әкімдері өз салалары бойынша жасалып жатқан жұмыстары бойынша есеп беріп, ұсыныстарын жеткізді.  
Әкім аппараты басшысының орынбасары Ерлан Галиев мониторингтік топтардың жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар нақты ұсыныстарын айтты.  
Сондай-ақ, шекара бекетіндегі келушілерге бақылауды күшейту, сенбі-жексенбі күндері тексеріс шараларын көбейту, кәсіпкерлер карантиндік шараларды бірнеше рет бұзған жағдайда лицензиясынан айыру мәслелері де талқыға салынды. 

Басқосу соңында өңір басшысы қаулы талаптарын қатаң сақтауды, мониторингтік топ жұмысын тұрақты зерделеп отыруды, түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізіп, жауапты тұлғалардың бірлесе іс-қимыл жасауын, сонымен қатар бақылауды күшейтуді тапсырды. 

Биылғы жылдың 5 маусым мен 20 қараша аралығында мониторингтік топтар 6120 тексеріс жүргізіп, 15122 нысан тексерілген. Нәтижесінде, 2005 материал жинақталып, 86 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Оның ішінде 579 әкімшілік іс жеке және заңды тұлғаларға қатысты толтырылған.

 
Өзгелердің жаңалығы